Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетіктерді іске асыру
Баспасөз орталығына оралу

Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетіктерді іске асыру

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А. Қуантыровтың төрағалығымен Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетіктерді тәжірибеде қолдану және халықаралық климаттық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.


Кеңеске Қазақстан Республикасы Президентінің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Р. Баталов, «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай, «SAFC» ЖШС, SEFE, TotalEnergies, ТШО, NCOC, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. және «ҚМГ» ҰК АҚ өкілдері қатысты.


Қатысушылар нормативтік реттеудің өзекті мәселелерін, климаттық жобаларды іске асыру тетіктерін және Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізу үшін халықаралық инвестициялар тарту мүмкіндіктерін талқылады.


Халықаралық әріптестермен өзара іс-қимылды жетілдіруге, көміртегі нарығының халықаралық құралдарын қолдануға және бірлескен климаттық бастамаларды іске асыруға жағдай жасауға ерекше назар аударылды.


Болашағы зор бағыттар ретінде метан шығарындыларын азайту, ормандарды қалпына келтіру, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға және олардың сіңірілуін арттыруға бағытталған өзге де жобалар қарастырылды.


Кеңес қорытындысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Қазақстанның климаттық бастамаларын COP31 конференциясына дайындау жөніндегі алдағы қадамдар айқындалды.