Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Экоасар – игі істер марафоны» акциясы аясында 9 үздік білім беру ұйымы марапатталды. ӨКМ Операторы атынан жеңімпаздарға жер асты суаруды ұйымдастыруға арналған сертификаттар мен мектеп аулаларын бірегей баққа айналдыру үшін алма ағаштарының көшеттері берілді.
Алма ағаштарын жеңімпаздарға табыстау Нұр-Сұлтан қаласының №43 орта мектебінің базасында өтті. Алғашқы 30 дана алма ағашы осы оқу ордасына егілді. Аталған мектеп экологиялық бағатқа негізделген. Білім ордасында эко-мәдениет негіздері бойынша сабақтар мен семинарлар өткізіледі. Жалпы «Экоасар – игі істер марафоны» акциясы шеңберінде үздік нәтиже көрсеткен мектептерге барлығы 120 түп алма ағашы отырғызылды.
Айта кету керек көшеттер Орал қаласындағы С.А.Есенин атындағы халықаралық эксперименттік коллекциялық бақшада арнайы климаттық жағдайға бейімделіп өсірілген. Алдағы уақытта акцияны өткізу географиясын кеңейтіп, Қазақстанның жаңа өңірлерін қосу жоспарлануда. Жобаны «ӨКМ Операторы», Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласын жаңғырту орталығының қолдауымен ұйымдастырды. «Эко-Асар – игі істер марафоны» аясында қайталама шикізатты жинауды «Eco-KZ» компаниясы жүргізді.