Астанада Стокгольм конвенциясы бойынша жаңартылған Ұлттық жоспар ұсынылды
Баспасөз орталығына оралу

Астанада Стокгольм конвенциясы бойынша жаңартылған Ұлттық жоспар ұсынылды

«Жасыл даму» АҚ Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен халықаралық серіктес — Стокгольм конвенциясының аймақтық орталығы RECETOX (Брно қ., Чехия Республикасы) қолдауымен Қазақстан Республикасының Стокгольм конвенциясы аясындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі жаңартылған Ұлттық жоспарды бекітуге арналған қорытынды кеңес өткізді.

Іс-шара БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы мен Ғаламдық экологиялық қордың «Албания, Армения және Қазақстанда Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі ұлттық жоспарларды қарау және жаңарту» атты бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.

Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлиев Жомарт Шияпұлы, тиісті министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, соның ішінде ФАО, БҰҰДБ, Чех Республикасының Қазақстандағы Елшілігі, сондай-ақ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының хатшылықтарының өкілдері қатысты.

Ұлттық жоспарды жаңарту жұмыстары 2025 жыл бойы жүргізілді. 4 маусымда ұлттық кіріспе кеңес, ал 3 қыркүйекте нәтижелерін жұмылдыру кездесу өтті. Қорытынды кеңес құжаттың түпкілікті нұсқасын талқылауға және бекітуге арналды. Бұл құжатта тұрақты органикалық ластағыштардың айналымын бақылау бойынша ұлттық басымдықтар мен шаралар көрініс тапқан.

Іс-шараның басты мақсаты — Қазақстанның Стокгольм конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға бағытталған жаңартылған Ұлттық жоспарды бекіту, тұрақты органикалық ластағыштардың айналымын реттеу мен бақылау тетіктерін жетілдіру және олардың халық денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайту.

Жаңартылған Ұлттық жоспардың қабылдануы химиялық заттар мен қалдықтарды басқарудың ұлттық жүйесін нығайтуға, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму саласындағы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді