Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуатын арттыру жоспарланып отыр
Баспасөз орталығына оралу

Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуатын арттыру жоспарланып отыр

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 67 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Жобалар сұрыптау және қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуды, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды, сондай-ақ қалдықтарды жинау мен тасымалдауға арналған техниканы жаңартуды көздейді.

Атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев және «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Дархан Дәуітов баяндады.

Ұсынылған жобалардың басым бөлігі қайталама шикізатты, соның ішінде макулатураны, пластикті, автокөлік шиналары мен әйнекті қайта өңдеуге бағытталған. Барлық жобаны іске асыру нәтижесінде жылына 2,3 млн тонна қалдықты сұрыптауға және 1,1 млн тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін нысандар іске қосылады. Өңірлерде бес мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.

«„Жасыл даму“ АҚ 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 15 жоба іске асырылды. Қалған жобалар бойынша құрылыс, жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл нысандардың басым бөлігі 2027–2028 жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде», – деді Дархан Дәуітов.

Сонымен қатар жаңа өтінімдермен жұмыс жалғасып жатыр. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ тағы жеті жобаны мақұлдады. Қазір олар бойынша шарттарға қол қою рәсімдері жүріп жатыр. Бірқатар өтінім сараптамадан өтуде. Олар бойынша шешімдер биылғы төртінші тоқсанда және 2027 жылдың бірінші тоқсанында қабылданады деп күтілуде. Кәсіпкерлерден түскен өтінімдерге қарай жобалар портфелі жаңартылып отырады.

Инфрақұрылым облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен ауылдық елді мекендерде де дамып келеді. Іске асырылған жобалардың қатарында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында сұрыптау кешенін іске қосу, Атырау облысының Құлсары қаласында арнайы техника паркін жаңарту және Түркістан облысының Күркелес ауылында макулатураны қайта өңдеп, жұмыртқа науаларын шығару жобалары бар.

Жаңа кәсіпорындарды ашу және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту шаруашылық айналымға қайтарылатын қалдықтар көлемін арттырып, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жобалардың толық нәтижесі нысандар пайдалануға беріліп, жобалық қуатына шыққаннан кейін бағаланады.