Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінде «Қалдықтарды басқару және утилизациялық төлем қаражатын тиімді пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылау Еділ Жанбыршиннің төрағалығымен, сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ, депутаттар, тиісті мемлекеттік органдар өкілдері, салалық бірлестіктер мен эксперттердің қатысуымен өтті.
Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттар бастамасымен әзірленген экология мәселелері бойынша түзетулерді қарастырып жатыр. Еділ Жанбыршиннің айтуынша, заң жобасы елдегі экологиялық мәселелерді шешуге, соның ішінде қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және олардың утилизациясына арналған төлемді реттеуге бағытталған.
Сонымен қатар, комитет төрағасы «Жасыл даму» АҚ-да жинақталатын утилизациялық төлем қаражатын пайдалану мәселелеріне қатысты жалғасып келе жатқан пікірталастарды еске салды. Депутаттар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қаражаттың ашықтығы мен тиімділігі мәселелерін жүйелі түрде көтеріп келеді.
– Осыған байланысты бүгін біз «Жасыл даму» АҚ-ның утильалымы, экологиялық саладағы инвестициялық жобалар, олардың мемлекеттік экологиялық саясатқа қосатын үлесі мен пайдасы, сондай-ақ бұл бағыттағы мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылаймыз, – деп атап өтті Еділ Жанбыршин.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасын әзірледі. Вице-министр Жомарт Алиев өз баяндамасында құжатта көзделген негізгі шараларға тоқталды.
– Қалдықтардың 30%-ға жуығы есепке алынбайды және бақылау жүйесінен тыс қалып отыр. Кәсіпорындардың тек 10%-ы ғана есепті электронды форматта тапсырады. Мемлекеттік қалдықтар кадастрының деректері мен Геология комитетінің техногендік минералдық түзілімдеріне қатысты мәліметтері арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сондықтан тұжырымдама аясында барлық қалдық түрлеріне толық инвентаризация жүргізу, мемлекеттік кадастрды жаңарту, барлық қалдық түзушілердің ақпараттық жүйеде міндетті тіркелуін қамтамасыз ету, сондай-ақ саланы цифрландыру жоспарланып отыр, – деді вице-министр.
Жомарт Алиевтің айтуынша, қайта өңдеуге келмейтін қалдық фракцияларын утилизациялау үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында үш қоқыс жағу зауытын салу көзделген. Қытай инвесторларымен жалпы сомасы 293 млрд теңгеге инвестициялық келісімдер жасалған. Құрылыстың мерзімі – 2 жыл. Үш нысанның жиынтық қуаты тәулігіне 3600 тонна қалдықты құрайды.
«Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай 2022 жылдан бергі нақты түсімдер мен 2025 жылға жоспарды ескере отырып, утилизациялық төлемдердің жалпы көлемі шамамен 1,5 трлн теңгені құрағанын айтты. Мемлекеттік бюджетке шамамен 175 млрд теңге аударылды. Ол мұндай нәтижелер «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің функциялары мемлекеттік компанияға берілгеннен кейін мүмкін болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ-ның деректері бойынша республика меншігіне 17 иесіз қауіпті қалдық нысаны берілді. Оның ішінде:
6 объект жойылды (Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында);
2 объекті іске асырылды (Қарағанды облысындағы ТЭМК сынап құрамдас қалдықтары, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы мұнай шламдары);
2 объект МҚО-ға берілді (Маңғыстау облысындағы Қошқар Атадағы радиоактивті қалдықтар және Ақтөбе облысы Алға қаласындағы химзавод қалдықтары);
6 объект жоюды талап етеді (Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында);
1 объект зерттеуді қажет етеді (Маңғыстау облысындағы күкірт қышқылы зауыты аумағындағы қалдықтар).
Тарихи жинақталған қалдықтарды жою жұмысы жалғасуда және айтарлықтай ресурстарды талап етеді.
«Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілері қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Батырбек Аубакиров «жасыл» сатып алулар механизмін енгізу туралы бастама көтерді. Ол отандық қайталама шикізат қосылған тауарларды сатып алуға кемінде 5–10% квота белгілеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл жергілікті қалдықтан өнім өндіруге және шикізат тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қауымдастық сондай-ақ қалдық қабылдау пункттерінің санын көбейтуді және жинаушыларға, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салықтық қолдау енгізуді қолдайды.
Сонымен қатар, «РУДНЫЙ-АБАТ-2006» ЖШС директоры Ринат Ишбулатов, «Қазақстанның шиналарды өндірушілер, импорттаушылар және қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Күндыз Бикина және ТҚҚ басқару саласының сарапшысы Аслан Күлмағамбетов ұсыныстарымен бөлісті.
ҚТҚ инфрақұрылымын дамыту бағытында 89,4 млрд теңгеге 22 жоба қаржыландырылды. 80 қоқыс тиегіш көлік сатып алынды, 3 сұрыптау желісі іске қосылды, жылына 396 мың тонна қуаты бар 14 қайта өңдеу жобасы басталды. ТБО қайта өңдеу үлесін 25%-дан 40%-ға дейін арттыру жоспарлануда.
«EcoQolday» бағдарламасы тұрақты өсім көрсетуде. 43,96 мың тонна қалдық өңделді, 1 725 қатысушы тіркелді, мобильді қосымша арқылы 776 өтінім қабылданды, төлемдер сомасы 700 млн теңгеден асты.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында тоғыз ұлттық паркте раздельный жинау контейнерлері, модульдік станциялар, фандоматтар орнатылды, биоыдырайтын пакеттер таратылды, бейнематериалдар дайындалды. Астана және Жезқазған мектептерінде 3 285 контейнер орнатылып, экологиялық мәдениет бойынша оқыту сабақтары өткізілді.
Ұсынылған деректер утилизациялық алымдарды басқарудың мемлекеттік жүйесі отандық машина жасауды дамытуға, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын құруға серпін бергенін дәлелдейді.
«Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқарудың заманауи, ашық және тиімді жүйесін қалыптастыру, экологиялық мәдениетті нығайту және саланың цифрлық құралдарын дамыту бойынша жұмысын жалғастырады. Компания Парламент және Үкіметпен өзара іс-қимылды күшейтуге және қалдықтарды басқару тұжырымдамасын іске асыруға, ұлттық экологиялық мақсаттарға қол жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.