Утильалым Қазақстандағы ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып қала береді. Біреулер үшін бұл — автокөлік әкелген кезде төленетін міндетті төлем, ал енді біреулер үшін қалдықтарды қайта өңдеуге, инфрақұрылымды дамытуға және табиғи аумақтарды қорғауға қызмет етуі тиіс экологиялық саясаттың құралы. ӨКМ операторының функциялары мемлекет басқаруына өткеннен кейін де басты сұрақ өзгерген жоқ: бұл қаражат қайда жұмсалады және іс жүзінде қандай өзгерістер болып жатыр? Осы және өзге де мәселелер жөнінде біз «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Нұрланұлы Сәрсенбаймен әңгімелестік.
— Бүгінде «Жасыл даму» ӨКМ-ді әкімшілендіруден бастап қауіпті қалдықтарды басқаруға дейін бірнеше міндетті қатар атқарады. Қоғамның рөлін қалай айқындайсыз?
Біздің міндетіміз — экологиялық саясатты нақты әрі өлшенетін нәтижелерге айналдыру. Бұл — сұрыптау желілері, қайта өңдеу өндірістері, арнайы техника, цифрлық сервистер және табиғатты қорғауға бағытталған жобалар.
2022 жылдан бері «Жасыл даму» АҚ өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері операторының функцияларын атқарады. Осы тетік аясында көпшілік «утильалым қаражаты» деп атайтын қаржы қалыптасады. Қазіргі таңда оператор функциялары мемлекет 100 пайыз қатысатын қоғамға берілген, ал қаражатты пайдалану бағыттары экологиялық заңнама мен келісілген инвестициялық саясатқа сәйкес айқындалады.
ӨКМ-нен бөлек, біз иесіз қауіпті қалдықтармен айналысамыз және парниктік газдар шығарындылары саудасы жүйесінің операторы қызметін атқарамыз. Сондықтан біздің рөліміз төлемдерді әкімшілендірумен ғана шектелмейді. Біз қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін құруға және «жасыл» экономиканы дамытуға қатысамыз.
— Утильалым төңірегіндегі пікірталас неге әлі де толастар емес? Әсіресе автокөлікті өз бетінше әкелетін азаматтар бұл төлемді ауыр қабылдайды.
Бұл түсінікті реакция. Адам төлеуге тиіс нақты соманы көреді және оны не үшін төлейтінін, қаражаттың кейін қайда жұмсалатынын білгісі келеді. Мемлекет те, оператор да бұл сұраққа түсінікті сандармен және нақты нәтижелермен жауап беруге міндетті.
Бұл жерде өкілеттіктерді ажыратып алған жөн. «Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем мөлшерін белгілемейді және мөлшерлемелер бойынша шешім қабылдамайды. Біздің жауапкершілігіміз — түсімдерді әкімшілендіру және қаражатты заңнамада көзделген мақсаттарға: қалдықтарды жинауға, сұрыптауға, қайта өңдеуге, залалсыздандыруға және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағыттау. Азаматтар оның нақты нәтижесін — зауыттарды, сұрыптау желілерін, арнайы техниканы, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін және ормандарды өрттен қорғау шараларын көруі керек.
— Соңғы жылдары көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын импорттаушылардан қанша утилизациялық төлем түсті?
2023 жылы осы санат бойынша 134 млрд теңгеден астам, 2024 жылы 162 млрд теңгеден астам, 2025 жылы 188 млрд теңгеден астам, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 65 млрд теңгеден астам қаражат түсті.
Қаражатты пайдалану бағыттары Экологиялық кодексте белгіленген, ал тиісті жылға арналған қаржыландыру көлемі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілгеннен кейін Қоғамның инвестициялық саясаты аясында айқындалады. Жобалар іріктеуден, сараптамадан және шарттар жасасудан кейін кезең-кезеңімен қаржыландырылады.
Қоғамның өз төлемдерін де бөлек атап өткен жөн. 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін «Жасыл даму» АҚ республикалық бюджетке 214,6 млрд теңге аударды. Оның 73,5 млрд теңгесі — дивидендтер, 141,1 млрд теңгесі — корпоративтік табыс салығы.
— Қаражат қандай бағыттарға жұмсалады және қалдықтарды басқару саласындағы жобалар қандай шарттармен қаржыландырылады?
Басымдық инфрақұрылымды дамытатын, қалдықтарды көму көлемін азайтатын және қайталама шикізатты экономикаға қайтаратын жобаларға беріледі. Олардың қатарында сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын жеңілдікпен қаржыландыру, EcoQolday қатысушыларына нақты жиналып, қайта өңделген қалдықтар үшін төлем жасау, «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық жобалар, қауіпті қалдықтармен жұмыс және мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту бар.
2024–2026 жылдары Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы сомасы 376,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдады. Қазіргі уақытта 116 млрд теңгеге 30 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде жалпы қуаты жылына 640 мың тонна болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жөніндегі бес жоба, қуаты 430 мың тонна болатын қайта өңдеу жөніндегі 16 жоба және 128 бірлік арнайы техника сатып алуға арналған тоғыз жоба бар.
12 жоба пайдалануға берілді: 122 бірлік техника сатып алынды, жылдық қуаты 140 мың тонна болатын сұрыптау желілері және қуаты жылына 18,3 мың тонна болатын қайта өңдеу өндірістері іске қосылды.
Қаржыландыру жылдық 3% мөлшерлемемен 15 жылға дейін беріледі. Бұл ретте инвестор, әдетте, жобаның кемінде 20%-ын өз қаражаты есебінен қаржыландырады. Мұндай модель бизнесті алмастырмайды, керісінше, қайта өңдеуді экономикалық тұрғыдан тиімді етуге мүмкіндік береді. Әсіресе инфрақұрылымы ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз болған өңірлер үшін бұл маңызды.
Қолдау көрсетілген бағыттардың қатарында шиналарды, макулатураны, қағаз бен картонды, тамақ қалдықтарын қайта өңдеу, қайталама шикізаттан өнім шығару, сондай-ақ қалдықтарды жинауға және тасымалдауға арналған техника сатып алу бар. Біз біртіндеп «жинадық та көмдік» моделінен қалдық ресурсқа айналатын модельге көшіп келеміз.
— EcoQolday дегеніміз не және бұл жүйеге қарапайым тұрғындар қаншалықты тартылған?
EcoQolday — қалдық түзушілер, оларды жинаушылар мен қайта өңдеушілер арасында ашық әрі қадағаланатын тізбек қалыптастыратын цифрлық жүйе. Қайта өңдеу зауыттан басталмайды. Алдымен қалдықты жинау, сұрыптау, жеткізу және оның бүкіл қозғалыс жолын құжатпен растау қажет.
2024 жылғы тамыздан бері жүйеге қатысуға 159 компания өтінім беріп, 96 шарт жасалды. Жүйе арқылы шамамен 131 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Оның ішінде 92 мың тоннадан астамы — қағаз, 29 мың тоннаға жуығы — шыны, шамамен 9 мың тоннасы — шиналар. Қатысушыларға нақты нәтиже үшін шамамен 3,4 млрд теңге төленді.
Жүйеге тұрғындар да қатысып жатыр. Қалдық түзушілерден түскен 1081 өтінімнің 629-ын жеке тұлғалар берген. Олар қайта өңдеуге 2276 тонна қалдық, негізінен шыны, қағаз және шиналар өткізді.
Сонымен қатар қалдықтарды бөлек жинау жүйесі дамып келеді. «Таза үй — Таза ел» пилоттық жобасы аясында Астанадағы тұрғын үй кешендерінде қағаз бен пластикке арналған контейнерлер орнатылды. Өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп ПИК және МИБ ұйымдарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біздің мақсатымыз — қалдықтарды бөлек жинауды күнделікті қалалық өмірдің қалыпты дағдысына айналдыру.
— «Таза Қазақстан» аясында қаражат ормандар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға да бағытталып жатыр. Қандай жұмыстар атқарылды?
2024 жылдан бері «Жасыл даму» АҚ ұлттық парктердің, орман резерваттарының, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға утилизациялық төлем қаражатынан 33,1 млрд теңге бағыттады.
Барлығы 1 006 бірлік мамандандырылған техника, соның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер мен тракторлар сатып алынды. Бұл техника қазірдің өзінде аумақтарды патрульдеуге, өрт сөндіру жасақтарын жеткізуге және табиғи өрттердің алдын алуға пайдаланылып жатыр.
Техникамен жарақтандыру бағдарламасынан бөлек, орман өрттерін ерте анықтауға арналған СРО-1 жүйелеріне, дрондарға, бейнебақылауға, байланыс пен деректерді беру жүйелеріне 16,9 млрд теңге бағытталды. Өңірлерге 14 СРО-1 жүйесі берілді. Олар аумақтарды тәулік бойы бақылап, өрттің алғашқы белгілері туралы ақпаратты диспетчерлік қызметтерге жеткізеді. Анықтау жүйелері қауіпті ертерек байқауға мүмкіндік берсе, техника өрт ошағына жедел жетіп, оны оқшаулауға көмектеседі.
— Қазір қалдықтарды басқару жүйесі реформаланып жатыр. Оның мәні неде?
Елімізге қалдықтардың бүкіл өмірлік циклі қадағаланатын бірыңғай әрі басқарылатын жүйе қажет. Яғни қалдықтың қай жерде пайда болғанын, оны кім жинағанын, қайда жеткізгенін және қайта өңделген-өңделмегенін көруге мүмкіндік болуы керек.
«Жасыл даму» АҚ-ға Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы мәртебесі берілді. Бұл мемлекеттік органдар, өңірлер мен бизнес арасындағы үйлестіруді күшейтіп, бірыңғай тәсілдер мен цифрлық қадағалауды енгізуге мүмкіндік береді.
Негізгі міндеттердің бірі — қалдықтардың цифрлық паспорттарын қалыптастыру, мониторинг жүйелерін енгізу, инфрақұрылымның сенімді дерекқорын құру және қайталама ресурстар нарығына арналған электрондық алаң қалыптастыру. Қалдықтар басқарылатын ағынға, ал мүмкіндік бар жерде жаңа өндірістерге арналған шикізатқа айналуы тиіс.
Жеке бағыттардың бірі — қалдықтарды жинау және шығару қызметі біркелкі дамымаған ауылдық аумақтар. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шамамен 7,4 млн адам үшін, соның ішінде цифрлық басқару модельдерін пайдалану арқылы, осы қызметтің қолжетімділігін кеңейту қажет.
— Жобалар мен көрсеткіштерге қарамастан, қоғамның жүйеге деген сенімі әлі де төмен. Сенімді не қайтара алады және утильалымды неге экологиялық құрал ретінде қабылдау қажет?
Сенім мәлімдемелермен емес, жүйелі жұмыспен және ашық нәтижелермен қалыптасады. Біз қоғамда утильалымның тарихына қатысты сұрақтар әлі де бар екенін түсінеміз. Сондықтан қанша қаражат түскенін, оның қайда бағытталғанын, қандай жобалар қаржыландырылып, пайдалануға берілгенін және нақты қанша қалдық қайта өңделгенін ашық көрсету қажет.
Бұл тетіктің мәні тек қаражат жинауда емес. Автокөліктер, техника, қаптама, шиналар, аккумуляторлар мен электр жабдықтарының пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін елде оларды қауіпсіз жинауға және қайта өңдеуге қабілетті инфрақұрылым мен кәсіпорындар болуы тиіс.
Әрбір жоба іріктеуден, қаржылық сараптамадан, шарт жасасудан, құрылыс кезеңінен және пайдалануға беру рәсімінен өтеді. Қаражат мемлекеттік контурда қалады: заңнамада көзделген экологиялық мақсаттарға жұмсалады және дивидендтер мен салықтар арқылы бюджетке түседі.
Дәл осындай түсінікті әрі тексеруге болатын нақты нәтижелер қоғам сенімінің негізіне айналуы тиіс.