2025 жылғы 25-27 маусым аралығында Алматыдағы «Атакент» ХКО-да Central Asia Plast World 2025 пластмасса және полимер заттары индустриясының 17-ші Халықаралық көрмесі өтіп жатыр. «Жасыл даму» АҚ өз павильонында экологиялық бастамалар, қалдықтармен тұрақты жұмыс істеу саласындағы цифрлық шешімдер, сондай-ақ қайта өңделген өнім үлгілері-фандоматтар, қайталама шикізаттан жасалған қаптама мен басқа да технологиялар ұсынылды. Стендке келушілер экспозициямен танысып, қолданыстағы қолдау шаралары бойынша компания мамандарынан кеңестерін ала алды.
Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында «Жасыл даму» АҚ қалдықтармен жұмыс ұйымдастыру департаментінің директоры Сәбит Тельман кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен қалдықтарды қайта өңдеушілерді қаржыландырудың негізгі шарттарын таныстыра отырып, бизнес-сессияға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Ол қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және кәсіпкерлерді жасыл экономикаға тартуға бағытталған мемлекеттік қолдау құралдары туралы жан-жақты айтып берді.
Жеке және заңды тұлғаларға шыны ыдыстарын, қағаз, картон, пластик қаптама мен пленканы өткізуге мүмкіндік беретін EcoQolday мобильді қосымшасының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Бұл цифрлық шешім қайта өңдеушілермен өзара әрекеттесуді жеңілдетіп қана қоймай, қалдықтарды бөлек жинау саласына тартылған халық үшін де, шағын және орта бизнес үшін де ақша табудың нақты мүмкіндігін ашады.
«Мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы диалог үшін маңызды алаңды пайдалана отырып, қалдықтарды қайта өңдеушілерді қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы қысқаша айтсам. Қаржыландыру өнеркәсіпті дамыту Қоры арқылы іске асырылады және жылдық 3% мөлшерлеме бойынша ұсынылады. Ол контейнерлерді, мамандандырылған техниканы, соның ішінде қоқыс таситын көліктерді сатып алу, сұрыптау желілері мен қайта өңдеу зауыттарын салу және жаңғырту, сондай-ақ қайта өңдеу үшін жабдықтар сатып алу сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл ретте ең маңыздысы - бизнестің қатысу үлесі өз қаражаты түрінде небәрі 10-20% - құрайды», - деп атап өтті Сәбит Тельман.
Осы сынды көрмелер Қазақстанның өнеркәсіптік секторында әріптестік байланыстарды кеңейту және экологиялық шешімдерді ілгерілету бойынша маңызды қадам. Барлық қызығушылық танытқандарды 27 маусымға дейін павильонға келуге шақырамыз.