«Жасыл даму» АҚ орман қорын өрттен қорғауды күшейтуге 16,9 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ орман қорын өрттен қорғауды күшейтуге 16,9 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады

«Жасыл даму» АҚ орман қорын, мемлекеттік табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді өрттен қорғауды күшейтуге кәдеге жарату төлемі есебінен 16,9 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ орман қорын, мемлекеттік табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді өрттен қорғауды күшейтуге кәдеге жарату төлемінен қаражат бөлді. Қаржыландырудың жалпы көлемі 16 916 552 707 теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Аталған қаражат орман өрттерін ерте анықтайтын заманауи жүйелерді енгізуге, дрондар сатып алуға, бейнебақылау, байланыс және деректерді беру жабдықтарын жаңартуға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Министрліктің мәліметінше, бұл жүйелер бағдарламалық және техникалық шешімдерді біріктіріп, қорғалатын аумақтарды тәулік бойы бақылауға және өрт белгілері анықталған жағдайда ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бұл жоба Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, өйткені елімізде орман алқаптарының үлесі салыстырмалы түрде аз. Ормандарды қалпына келтіру ондаған жылдарды қажет етеді. Сондықтан өртті ерте анықтау және жедел әрекет ету табиғи байлықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады», – деп атап өтті министрлік.

Жоба аясында өңірлерге СРО-1 үлгісіндегі 14 ерте анықтау жүйесі жеткізілді.

Қаржыландыру төмендегі өңірлерге бөлінді:

  • Ақмола облысы – 4 838 441 450 теңге;
  • Қостанай облысы – 1 354 086 800 теңге;
  • Қарағанды облысы – 3 043 492 747 теңге;
  • Павлодар облысы – 1 045 995 589 теңге;
  • Алматы облысы – 3 337 277 304 теңге;
  • Түркістан облысы – 1 661 830 639 теңге;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1 635 428 178 теңге.

СРО-1 – қорғалатын аумақтағы өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтайтын бағдарламалық-аппараттық кешен. Жүйе тәулік бойы жұмыс істеп, түтінді, жану өнімдерін, температураның жоғарылауын, сондай-ақ жалынның инфрақызыл және ультракүлгін сәулеленуін тіркейді. Қауіп расталған жағдайда ақпарат диспетчерлік пунктке немесе өртке қарсы қызметке жедел жіберіліп, өрттің таралуына жол бермеу үшін әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Кейбір нысандарда тәулік бойы жұмыс істейтін панорамалық бейнекамералармен жабдықталған автоматтандырылған жүйелер қолданылады. Мұндай технологиялар өртті көзге анық байқалмай тұрып, бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстандағы табиғи парктерді өртті ерте анықтау жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

2024 жылы «Жасыл даму» АҚ орман және су шаруашылығы техникаларын жаңартуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға 200 млрд теңге бөлді.

Жыл басынан бері Қазақстанның орман алқаптарында жалпы аумағы 794 гектардан астам жерді қамтыған 36 орман өрті тіркелді.

https://kapital.kz/economic/150219/zhasyl-damu-napravilo-169-mlrd-tenge-na-usilenie-zashity-lesov-ot-pozharov.html