«Жасыл даму» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешендерінің құрылысын қолдады.
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешендерінің құрылысын қолдады.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Эко-Dump» ЖШС және «Жасыл даму» АҚ арасында Көкшетау қаласында, сондай-ақ Зеренді және Бурабай аудандарында заманауи қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу кешендерін салуға бағытталған қаржылық лизинг шарты жасалды.

Жоба аясында халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық жабдықтарды 3% жылдық мөлшерлемемен 12 жыл мерзімге жеңілдікпен сатып алу қарастырылған. Кешендер қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді түрде сұрыптап, қайта өңдеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде макулатура, пластик, шыны, резеңке, металл, полимер бұйымдары, қаптама материалдары және құрылыс қалдықтары бар.

Үш кешеннің жалпы жобалық қуаты жылына 150 000 тонна ҚТҚ өңдеуге жетеді. Соның нәтижесінде жыл сайын шамамен 77 300 тонна қайталама шикізат өндіріліп, өнеркәсіпте қайта пайдалануға бағытталады. Бұл жоба өңірдің экологиялық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады.

Жобаны іске асыру қалдықтарды көму көлемін айтарлықтай азайтып, полигондарға түсетін жүктемені төмендетеді, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын, оның ішінде CO₂ көлемін қысқартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, жоба аясында 180 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Жасыл даму» АҚ атап өткендей, бұл жоба Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. 2024 жылдан бастап ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату саласындағы кәсіпорындарды қолдау бағдарламасы іске асырылып келеді.

Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында еліміз бойынша 26 қоқыс өңдеу кәсіпорнын құру және жаңғырту жобалары қолдау тапты.