Бүгін Қостанай облысында жеңілдетілген лизинг бойынша сатып алынған алғашқы ауыл шаруашылығы техникасы иесіне табысталды. «Жасыл-Даму» АҚ (оператор ӨКЖ) қаражаты есебінен отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 5 тамызда басталғанын хабарлаған болатынбыз. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске асыру үшін 30 млрд теңгені «Жасыл даму» АҚ-ы бөлген болатын.
Бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ға жеңілдетілген шарттармен бағытталатын болады.
Бағдарламаның қолайлы шарттары (6%-дық сыйақы мөлшерлемесі, аванстық төлемсіз, 10 жылға дейінгі лизинг мерзімі және негізгі борышты қайтару бойынша жеңілдікті кезең) аграрлық қызметкерлерге айналым қаражатын босатуға және егін жинау науқаны кезінде шығындарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бастапқы жарна салу және кепіл беру қажеттілігінің болмауы ұсақ және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарына егін жинау жұмыстарын бастау үшін техника паркін жеңілдікті талаптарда жаңартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да скоринг жүйесін енгізудің арқасында өтінімдер қысқа мерзімде қаралады және 5 күннен аспайды.
Бағдарламаның қолжетімді талаптары отандық өндірістің техникасына үлкен сұраныс тудырды. Бүгінгі таңда «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на Қазақстанның 13 өңіріндегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден отандық өндірістің 179 тракторы мен 74 комбайнын сатып алуға 14,6 млрд теңге сомасына 181 өтінім келіп түскен.
Бөлінген қаражат толық игерілгеннен кейін 20 жылға есептелген Бағдарлама бойынша одан әрі қаржыландыру револьверлік негізде жүзеге асырылады, қолданыстағы лизингті өтеуден түсетін төлемдер жаңа қаржылық лизинг шарттарын жасасуға бағытталады.