«Жасыл даму» АҚ тұрақты органикалық ластаушылар бойынша түгендеу нәтижелерін ұсынды
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ тұрақты органикалық ластаушылар бойынша түгендеу нәтижелерін ұсынды

«Жасыл даму» АҚ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және халықаралық әріптес RECETOX орталығымен (Брно қ., Чехия) бірлесіп, Астана қаласында тұрақты органикалық ластаушылардың түгендеу нәтижелерін валидациялау жөніндегі екінші кеңесті өткізді. Іс-шара Қазақстанның Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерін орындау жөніндегі Ұлттық жоспарды жаңартуға бағытталған Ғаламдық экологиялық қордың және БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының ірі халықаралық жобасының бір бөлігі болып табылады.

Ұлттық жоспар - экология саласындағы елдің стратегиялық құжаты. Жоспарды жаңарту Қазақстанға қазіргі заманғы экологиялық сын-қатерлерге тиімді қарсы тұруға және халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.

Кеңеске «Жасыл даму» АҚ, мемлекеттік органдар, Стокгольм конвенциясының аймақтық орталығы RECETOX, халықаралық сарапшылар, экологтар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Ұлттық жоспарды жаңарту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Біз тек халықаралық міндеттемелерді орындап қана қоймай, халық денсаулығы мен таза қоршаған орта сенімді қорғалатын болашақтың негізін қалап жатырмыз», – деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Н.Қ. Қабдолданов.

Жиында ескі де, жаңа да тұрақты органикалық ластаушылар бойынша жүргізілген ауқымды түгендеу жұмысының нәтижелері ұсынылды. Бүгінде Стокгольм конвенциясының тізімінде 34 зат бар, ал биыл оған тағы үш жаңа зат қосылды. Сарапшылардың ерекше назарында полихлорланған дифенилдер мен пестицидтер болды.

Семинарға қатысушылар Қазақстан Республикасының Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерін орындау мәселелерін талқылады. Негізгі талап – 2025 жылға дейін тұрақты органикалық ластаушылар бар жұмыс істеп тұрған барлық жабдықты қолданыстан шығару және оларды 2028 жылға дейін толық жою.

Жаңа өнеркәсіптік ластаушылар ерекше алаңдаушылық тудырып отыр, себебі олар күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Оларды электроникадан, жиһаздан, тоқыма бұйымдарынан, балалар тауарларынан және тіпті бір реттік ыдыстан кездестіруге болады. Мұндай кең таралуы мәселені жаһандық деңгейге шығарып, миллиондаған адамның денсаулығына тікелей әсер етеді.

Жаңартылған Ұлттық жоспар Қазақстанда тұрақты органикалық ластаушылардың халық денсаулығына және қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған шараларды қамтитын болады. Оның іске асырылуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, болашақ ұрпақ үшін сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.

Қазақстан қауіпсіз экологиялық орта қалыптастыру жолында нық қадам жасап, қауіпті химиялық ластаушыларға қарсы күрес қазіргі заманның ең маңызды жаһандық міндеттерінің бірін шешуге қомақты үлес қосуда.