Жария оферта

Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болатын қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру шартын (бұдан әрі — Шарт) жасасу туралы осы жария оферта Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 386-392-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 695 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12565 болып тіркелген) Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) тізбесіне (бұдан әрі — Тізбе) сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметті іске асыратын Өндірушілерге/Импорттаушыларға арналған.


Оферта Кодекс ережелеріне сәйкес Өндірушілерге/Импорттаушыларға Шарт жасасуға арналған ұсынысты қамтиды.

Оферта Шартта көрсетілген талаптарда офертаны акцептеу бойынша әрекет жасау арқылы қабылданған болып саналады.

Офертаны қабылдаған тұлға өзінің құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін, сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ (бұдан әрі - Оператор) шарттық қатынастарға түсуге өзінің заңды құқығын растайды.

Оператор өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері заңнамада көзделген тәртіппен қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болатын қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, ал Өндіруші/Импорттаушы заңнамада және шартта белгіленген мөлшерлерде, тәртіппен және мерзімдерде Оператордың ағымдағы (есептік) банктік шотына кәдеге жарату төлемін енгізуге міндеттенеді.


1. Кәдеге жарату төлемі және оны енгізу тәртібі

Төлеуге жататын сома бойынша ақпарат алу үшін Өндіруші/Импорттаушы операторға интернет-ресурс арқылы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысымен бекітілген Өндірушілердің, импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларында (бұдан әрі — Қағидалар) (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 28 бұрын қолданыста болған қаулысы) көзделген құжаттарды қоса бере отырып, қағаз жеткізгіште өтінім береді.

Кәдеге жарату төлемін төлеген кезде Өндіруші/Импорттаушы өнімнің (тауардың) Қазақстаннан экспортқа жатпайтынын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына арналғанын растайды.

Оператор кәдеге жарату төлемін есептеу немесе оны тексеру үшін Өндіруші/Импорттаушыдан Қағидаларға сәйкес құжаттарды талап етуге құқылы. Сұрауды Оператор қалыптастырады және Өндіруші/Импорттаушы өтінімде көрсеткен деректерге сәйкес Өндірушіге/Импорттаушыға жіберіледі.


2. Оператордың, Өндірушінің / Импорттаушының құқықтары мен міндеттері

Оператор:

— Экологиялық кодекске және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген Оператор қызметінің даму стратегиясына сәйкес Өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болатын қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге;

— Өндірушіден / Импорттаушыдан есептелген, төленген және түскен кәдеге жарату төлемінің есебін жүргізуге;

— Артық төленген сомаларды алдағы төлемдер есебіне қайтару және (немесе) есепке жатқызу қағидаларына сәйкес Өндірушінің/Импорттаушының қоса берілген растайтын құжаттары бар өтініші негізінде кәдеге жарату төлемінің артық төленген сомасын қайтаруды қамтамасыз етуге;

— өндірушілердің (импорттаушылардың) электрондық дерекқорын қалыптастыру, оларға Өндіруші/Импорттаушы туралы деректерді енгізу және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес оларды өзектілендіруге;

— әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар, олар бойынша іс жүргізу Экологиялық кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған іс-әрекеттер анықталған кезде Оператор осындай құқық бұзушылықтар бойынша қолда бар материалдарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге;

— заңнамаға сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.


Оператор:

— кәдеге жарату төлемін жинауды жүзеге асыруға және оны Өндірушінің / Импорттаушының есептемесінің дұрыстығын тексеруге;

— Өндірушінің / Импорттаушының Шарт талаптары мен заңнама ережелерін орындауын бақылауға және олардың орындалуын талап етуге;

— Өндірушіден / Импорттаушыдан кәдеге жарату төлемін, тұрақсыздық айыбын, сондай-ақ берешекті өндіріп алу кезінде Оператордың шеккен шығындарын, оның ішінде, бірақ шектелмей, Шарттың және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындамаған атқарушылық жазбаға арналған шығындарды, сот шығындарын (мемлекеттік баж және өкілдік шығыстар) сот тәртібімен өндіріп алуға;

— кәдеге жарату төлемін есептеу үшін Өндірушіден / Импорттаушыдан Қағидаларда көзделген құжаттарды сұратуға;

— Шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да құқықтарға ие болуға құқығы бар.


Өндіруші / Импорттаушы:

— өтінімде және осындай өтінімге қоса берілетін құжаттарда көрсетілген деректердің толықтығы мен анықтығына кепілдік беруге және қамтамасыз етуге;

— Қағидаларда көзделген мерзімдерде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінімді қалыптастыруға және операторға ұсынуға;

— Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 2 қарашадағы № 448 бұйрығымен бекітілген (бұрын қолданыста болған «Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 762 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12753 болып тіркелді) Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесінде көзделген мөлшерде және мерзімдерде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) тізбесіне сәйкес өнімге (тауарларға) қатысты кәдеге жарату төлемін енгізуге;

— өнімді (тауарды) өткізу кезінде түпкі сатып алушыға кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатты беруді қамтамасыз етуге;

— тұрақсыздық айыбын төлеу және берешекті өндіріп алу кезінде келтірілген шығындарды, оның ішінде, бірақ шектелмей, атқарушылық жазбаға арналған шығындарды, сот шығындарын (мемлекеттік баж және өкілдік шығыстар) Операторға толық көлемде өтеуге;

— Оператордың сайтында тіркелу және өзекті деректемелерді (атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы, банк шоттары, байланыс телефондары) жеке кабинетке енгізу және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы немесе тіркеу туралы хабарламаны не жеке кәсіпкердің талонын/куәлігін қоса беруге;

— өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге таралатын өнімді (тауарларды) өз бетінше әкеткен жағдайда растайтын құжаттарды Операторға хабарлауға және ұсынуға;

— заңнамаға сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.


Өндіруші / Импорттаушы:

— кәдеге жарату төлемінің артық төленген сомасын қайтару және (немесе) мұндай соманы болашақ төлемдер есебіне есепке жатқызу үшін Операторға жүгінуге;

— кәдеге жарату төлемін төлегеннен кейін кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификат алуға;

— Шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да құқықтарға ие болуға құқығы бар.


3. Шарттың қолданылу мерзімі

Шарт оған екі Тарап қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

Шарт оған өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімді (тауарларды) және оның (олардың) орамасын әкелген немесе өндірген кезден бастап Өндіруші/Импорттаушы өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы Оператор қол қойған жағдайда жасалған болып есептеледі.

Шарт күнтізбелік бір жылға жасалады.

Шарттың қолданылу мерзімі, егер Тараптардың ешқайсысы оның тоқтатылғаны туралы жыл аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын жазбаша нысанда мәлімдемесе, келесі жылға автоматты түрде ұзартылады.

Шартты тоқтату немесе бұзу Тараптарды оның талаптарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен және оның қолданылу кезеңінде туындаған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

Шарттың талаптары 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Оператор мен Өндіруші/Импорттаушы арасында туындаған қатынастарға қолданылады.


4. Жауапты тараптар

Өтінімді қалыптастыру және (немесе) кәдеге жарату төлемін енгізу мерзімдері бұзылған, Өндіруші/Импорттаушы өтінімде және (немесе) осындай өтінімге қоса берілетін құжаттарда толық емес немесе анық емес деректерді көрсеткен, кәдеге жарату төлемін төлеуден немесе толық емес соманы төлеуден жалтарған жағдайда, сондай-ақ Өндірушіге/ Импорттаушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген өзге де міндеттемелерді бұзғаны үшін Өндіруші/Импорттаушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.

Оператордың банктік шотына кәдеге жарату төлемін енгізу жөніндегі міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Оператор өндіріп алуға құқылы, ал Өндіруші/Импорттаушы сот актісі шығарылған күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық ставкасын негізге ала отырып, орындалмаған не тиісінше орындалмаған міндеттеме сомасына пайызбен тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторымен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларына сәйкес өтінім бермеген өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болатын қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт жасаспаған, сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін оператордың банктік шотына ақшаны кәдеге жарату төлемі түрінде уақтылы енгізбеген немесе енгізбеген өндірушілер (импорттаушылар) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.


5. Дауларды шешу

Міндеттемелерді орындауға байланысты дауларды Тараптар келіссөздер жолымен, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда – Оператордың тіркелген жері бойынша сот тәртібімен шешеді.