Антальяда (Түркия) БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай «Міндеттемелерден нақты іске: Орталық Азиядағы циркулярлық экономика саласындағы әріптестіктің негіздемелік бағдарламасы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Қазақстанның ұлттық павильонында өткен сессияда ол циркулярлық экономиканы дамытудың негізгі бағыттарын, қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыру жоспарларын және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту тетіктерін таныстырды.
Сессияға ҚР Құрылтайының депутаты Шынасыл Ерназар, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халық Кеңесінің мүшелері Ерлан Нысанбаев пен Еділ Жаңбыршын, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі бөлім директорының орынбасары Рут Зугман, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Жапония және басқа да елдердің өкілдері мен сарапшылар қатысты. Олар экологияға қатысты түрлі мәселелер бойынша сөз сөйлеп, циркулярлық экономиканы дамыту, тәжірибе алмасу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Ержан Сәрсенбай Қазақстанның ресурстарды ұтымды пайдалануға, қалдықтардың түзілуін азайтуға және оларды өндірістік айналымға қайтаруға негізделген экономикалық модельге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын атап өтті.
Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасын іске асыру болып отыр. Саланы басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру аясында «Жасыл даму» АҚ 2026 жылы Қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығы мәртебесін алды.
Жаңа тәсіл коммуналдық, өнеркәсіптік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де қалдықтарды кешенді есепке алуды көздейді. Сонымен қатар олардың қозғалысын бақылауға және қайта өңдеу әлеуетін бағалауға арналған цифрлық құралдар әзірлеу қарастырылған.
Атап айтқанда, 2028 жылға қарай ел көлемінде қалдықтарды түгендеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Жиналған деректер негізінде жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай цифрлық жүйе дамытылады. Ол қалдықтардың түзілген сәтінен бастап қайта өңделуіне немесе қауіпсіз жойылуына дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ұлттық инвестициялық карта әзірлеу көзделген. Онда қолжетімді қайталама шикізат көлемі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қайта өңдеу қуаты және жаңа өндіріс орындарын ашудың перспективалы бағыттары көрсетіледі.
«Біздің міндетіміз — шашыраңқы деректер мен жекелеген шешімдерден ресурстар қозғалысының тұтас көрінісін қалыптастыруға көшу. Инвестиция салу және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шешімдер объективті ақпаратқа негізделуі тиіс», – деп атап өтті Ержан Сәрсенбай.
Баяндамада қайта өңдеу саласында қол жеткізілген нәтижелерге де назар аударылды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Сұрыпталған және қайта өңделген қалдықтардың үлесі 2019 жылғы 15%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 30,6%-ға дейін өсті. Қазақстан 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін елімізде қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жалпы құны шамамен 1 млрд доллар болатын жобалар портфелі қалыптастырылған. Оларды іске асыру қайта өңдеу қуатын арттыруға және бес мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалдықтардың жекелеген түрлерін жинаумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсететін EcoQolday цифрлық бағдарламасы жұмыс істейді. 2024 жылғы тамыздан бері бағдарлама қатысушыларына жалпы 13 млн доллар төленді.
Сөзінің соңында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы циркулярлық экономиканы дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бұл ретте технологиялар мен практикалық тәжірибе алмасу, инвестиция тарту, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері мен халықаралық әріптестердің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру ерекше маңызды.
Мұндай әріптестік қайта өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және өңірде жаңа өндірістік байланыстар орнатуға ықпал етеді.