Астанада «Орталық Азияда циркулярлық экономикаға көшу жолында: ӨКМ жүйелерін жетілдіру, қайта өңдеу инфрақұрылымы мен бизнеспен әріптестікті дамыту» атты өңірлік семинар өтті. Қатысушылар саланы қолдау тетіктерін, қайталама ресурстарды экономикалық айналымға тарту және мемлекет, бизнес пен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Іс-шараны Қазақстан қаптама өндірушілері қауымдастығы Жапонияның Жаһандық экологиялық стратегиялар институтымен (IGES) және Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығымен бірлесіп, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды.
Семинарға ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, ҚР Құрылтайының депутаты Шынасыл Ерназар, «Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Ербол Байұзақов, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, Жапония тарапының, халықаралық ұйымдардың, салалық қауымдастықтар мен бизнестің өкілдері қатысты.
Ербол Байұзақов өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетіктерін қолданудағы Қазақстанның тәжірибесін таныстырды. Ол саланы қолдаудың өзара байланысты екі құралына тоқталды. Біріншісі қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге тапсыруды ынталандыратын EcoQolday бағдарламасы болса, екіншісі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы ұсынылатын жеңілдетілген қаржыландыру тетігі. Бұл тетік жаңа өндіріс орындарын ашуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген қаржыландыру аясында қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға кәдеге жарату төлемдері есебінен 185 млрд теңге көзделген. Кәсіпкерлерге жылдық 3% мөлшерлемемен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру ұсынылады. Бұл ретте инвестордың өз қаражаты есебінен қатысу үлесі кемінде 20% болуы тиіс. Қаражат сұрыптау кешендерін құруға, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға және арнайы техника сатып алуға бағытталады.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдаудың тағы бір бағыты ретінде EcoQolday бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарлама 2024 жылы қайта іске қосылғаннан бері қалдықтарды жинаушылармен, қайта өңдеушілермен және толық циклді кәсіпорындармен 113 шарт жасалды. Осы кезеңде 180,4 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, қатысушыларға төленген қаражаттың жалпы көлемі 6 млрд теңгеге жуықтады. 2026 жылдың тоғыз айында қайта өңдеуге жіберілген қалдық көлемі шамамен 120 мың тоннаға жетті. Бұл 2025 жыл бойғы көрсеткіштен 2,5 есеге жуық көп.
Қайта өңдеу саласын қолдаумен қатар, «Жасыл даму» АҚ қызметінің өзге бағыттары аясында қаражат қоғамдық көлікті, ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы жаңартуға, сондай-ақ отандық өндірістегі автокөліктерді сатып алуды қолдауға жұмсалады.
Қоғамның алдағы басымдықтары қатарында қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, EcoQolday бағдарламасына қатысатын кәсіпорындар санын арттыру және қайталама ресурстардың тұрақты нарығын қалыптастыру бар. Қалдықтарды цифрлық есепке алуға және олардың қозғалысын қадағалауға, халықты қалдықтарды бөлек жинауға жұмылдыруға және салаға инвестиция тартуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Аталған тетіктерді талқылау циркулярлық экономикаға көшу жөніндегі өңірлік тәжірибе алмасудың бір бөлігі болды. Мұндай экономикада қалдықтар өндіріске шикізат ретінде қайта оралады. Бұл жаңа кәсіпорындар ашуға және ресурстарды ұтымды пайдалануға негіз қалайды.