Бүгін «Жасыл даму» АҚ алаңында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Алиев Жомарт Шияпович және халықаралық сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шара «Қазақстан орауыштар қауымдастығы» ЗТБ-ның қатысуымен ұйымдастырылған Жаһандық экологиялық стратегиялар институты (IGES, Жапония) делегациясының сапары аясында өтті. Делегация құрамында IGES орталығының директоры доктор Премакумар Джагат Дикелла Гамаралаге және зерттеулер жөніндегі аға менеджер доктор Чэнь Лю болды.
«Жасыл даму» АҚ алаңында қатысушылар Қазақстандағы қалдықтарды басқару жүйесінің қазіргі жағдайын, екінші реттік шикізаттың қолжетімділігі мен сапасын, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелерді ескере отырып саланы дамыту перспективаларын талқылады. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетігін енгізу және жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу барысында IGES өкілдері жапондық ӨКМ моделін таныстырып, оны іске асыру тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін дамыту бойынша ортақ тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етті. Іс-шара қорытындысы бойынша алдағы зерттеулер үшін талдамалық деректер жиналып, Қазақстан Республикасының экологиялық саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.