EcoQolday жүйесі қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы тиімділікті арттыруда
Жаңалықтарға оралу

EcoQolday жүйесі қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы тиімділікті арттыруда

Бүгінгі таңда «EcoQolday» ақпараттық жүйесіне 90 субъектпен шарт жасалды. Оның ішінде 60-ы – қалдық жинаушылар, 20-сы – қайта өңдеушілер және 10-ы – толық циклді кәсіпорындар.

EcoQolday жүйесі аясында қайта өңдеуге жіберілген қалдықтардың жалпы көлемі 103,39 мың тоннаны құрады. Оның ішінде қағаз, шыны, шиналар және пластик қалдықтары бар.

Тиісті жылдардың бекітілген бюджеті шеңберінде қатысушыларға жалпы сомасы 2 507,7 млн теңге төленді.

EcoQolday жүйесін енгізу және халық арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамыту мақсатында «Жасыл даму» АҚ жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтқанда, «Таза үй - Таза Ел» пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде Астана қаласындағы тұрғын үй кешендерінің аумақтарына қағаз және пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Қазіргі уақытта аталған бағыттағы жұмыстар еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасуда.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап Ақтау қаласында, Ақтөбе облысында, Шымкент және Талдықорған қалаларында әкімдіктердің қатысуымен ПИК және МИБ өкілдерімен EcoQolday жүйесін енгізу, сондай-ақ өңір тұрғындарын қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау процесіне тарту мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылып келеді.

«Жасыл даму» АҚ EcoQolday жүйесін дамыту арқылы қалдықтарды тиімді басқару тетіктерін жетілдіруді, қайта өңдеу көлемін ұлғайтуды және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды жалғастырады.