Ержан Сәрсенбай COP31 конференциясында Қазақстанның көміртегі нарығын дамыту тетіктерін таныстырды
Жаңалықтарға оралу

Ержан Сәрсенбай COP31 конференциясында Қазақстанның көміртегі нарығын дамыту тетіктерін таныстырды

Антальяда (Түркия) COP31 климаттық конференциясы аясында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай «Қазақстанның көміртегі нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Баяндама парниктік газдар шығарындылары саудасының қолданыстағы жүйесіне, көміртегі офсеттеріне және халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне арналды.

Шығарындылар саудасының ұлттық жүйесі 2013 жылдан бері жұмыс істейді және 145 кәсіпорын мен квоталанатын 234 қондырғыны қамтиды. Бекітілген параметрлерге сәйкес елдің көміртегі бюджетінің квоталанатын бөлігі 2026 жылғы 163,6 млн тонна CO₂-ден 2030 жылға қарай 148,1 млн тоннаға дейін қысқарады.

Қазақстанда көміртегі офсеттері тетігі де дамып келеді. Бүгінге дейін 61 жоба қаралып, оның 37-сі бойынша парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін арттыру нәтижелері расталды. Мақұлданған офсеттік бірліктердің жалпы көлемі шамамен 10 млн тонна CO₂ құрайды.

Ұлттық жүйе аясында «Жасыл даму» АҚ көміртегі нарығының жұмысына техникалық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Мемлекеттік көміртегі кадастры мен Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі шығарындыларды есепке алуға және көміртегі бірліктерімен жасалатын операцияларды қадағалауға мүмкіндік береді.

Баяндаманың маңызды тақырыптарының бірі Париж келісімінің 6-бабы аясындағы халықаралық ынтымақтастық болды. Перспективалы бағыттар ретінде метан шығарындыларын азайту, төмен көміртекті технологияларды енгізу, ормандарды және тозған жерлерді қалпына келтіру аталды.

«Халықаралық ынтымақтастық шығарындыларды іс жүзінде азайтуға және негізделген инвестициялық шешімдер қабылдауға ықпал етуі тиіс. Осылайша біз ұлттық тетіктерді халықаралық мүмкіндіктермен ұштастыра аламыз», - деп атап өтті компания басшысы.