«Жасыл даму» АҚ-ның Сараптамалық кеңесі Қазақстандағы қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмысқа кірісті
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ-ның Сараптамалық кеңесі Қазақстандағы қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмысқа кірісті

2025 жылғы 5 желтоқсанда Астанада қалдықтармен айналысу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Жасыл даму» АҚ Сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Отырысты Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Кеңесбаевич Кабдолданов жүргізіп, жиынға Қазақастан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Алмуханов Абылай Асқарұлы, Қазақстанның экологиялық инновациялар және өнеркәсіптік саясат қауымдастығы (KAEIIP) төрағасы Аяйбергенов Азамат Аюйханович, Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Аубакиров Батырбек Теміртасұлы, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ тұрғын үй қатынастары және техникалық реттеу департаментінің сарапшысы Каминов Аскер Габдрахимович, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыста үш стратегиялық маңызды мәселе қаралды: «EcoQolday» бағдарламасының іске асырылуы, ақпараттық жүйе аясында ПИК мен МИБ-тің кәсіпкерлік субъектілері ретінде қалдық жинауға қатысуы, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған барлық түрдегі қалдықтарды басқару тұжырымдамасы жобасын талқылау.

Талқылау барысында саладағы өзекті мәліметтер ұсынылды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі, олардың тек 25–26 пайызы қайта өңделеді. Қалдықтардың 30 пайызы ресми есепке алынбайды, ал кәсіпорындардың тек 10 пайызы ғана есепті электронды форматта тапсырады. Тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің 40 пайызын тағам қалдықтары құрайды, алайда оларды өңдеуге қажетті инфрақұрылым іс жүзінде жоқ.

Өнеркәсіп секторы жыл сайын жүздеген миллион тонна техногендік минералдық түзілімдер шығарады. Олар полигондарда жиналып, айтарлықтай экологиялық тәуекелдер тудыруда. Заңнамалық тыйымға қарамастан, құрылыс қалдықтары да полигондарға түсіп, стихиялық қоқыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.

Ұсынылған Тұжырымдама жобасы саланы түбегейлі жаңғыртуды көздейді: цифрлық құралдар мен сенімді есепті енгізу, жиналған қалдықтарды заңдастыру, нормативтік-құқықтық базаны біріздендіру, экономикалық ынталандыру шараларын дамыту және заманауи қайта өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыру.

«Біз циркулярлы экономикаға көшудің ауқымды кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Қалдықтарды басқару жүйесі ашық, технологиялық және экономикалық тұрғыда тартымды болуы тиіс. Сараптамалық кеңес елдің экологиялық қауіпсіздігі үшін қажетті шешімдерді әзірлейтін негізгі алаңға айналады», — деді «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Кабдолданов.

Сараптмалық кеңестің құрылуы және қалдықтарды басқару тұжырымдамасының негізгі бағыттарының таныстырылымы елдің экологиялық қауіпсіздігін арттыру және жауапты табиғат пайдалану мәдениетін нығайту жөніндегі стратегиялық бағытты көрсетеді. Негізгі назар — қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, бизнес қатысуын кеңейту, полигондарға түсетін жүктемені азайту және халықтың экологиялық сауатты мінез-құлқын қалыптастыру.

Ерекше мән «Жасыл даму» АҚ компаниясына Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы мәртебесін беру бастамасына берілді. Бұл — саланың бірыңғай аналитикалық және цифрлық ядросы ретінде жұмыс істеп, нарық қатысушыларын кешенді үйлестіруді және қалдықтармен айналысу саласында ашықтықты қамтамасыз ететін құрылым болмақ.

«Жасыл даму» АҚ заманауи, тұрақты және тиімді қалдықтарды басқару жүйесін құру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруға ниетті. Сараптамалық кеңес ұлттық басымдықтарға сәйкес экологиялық мақсаттарға қол жеткізуге және саланы дамытуға бағытталған тұрақты сараптамалық қолдау тетігіне айналады.