«Жасыл даму» АҚ Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға үлес қосуда
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға үлес қосуда

Үкіметтің жыл қорытындыларына арналған баспасөз конференциялары сериясы аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі журналистермен кездесу барысында қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда «Жасыл даму» АҚ-ның маңызды рөлін атап өтті.

Кәдеге жарату төлемі қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару саласында 63 жобаны мақұлдады, олардың 22-сі жалпы сомасы 89,4 млрд теңгеге қаржыландырылды. Қарастырылған қаржыландырудың жалпы көлемі 185 млрд теңгені құрайды. Іске асырылып жатқан жобалар қоқыс тасымалдайтын автокөлік паркін жаңартуға, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйелерін дамытуға бағытталған.

Аталған бастамаларды жүзеге асыру 2030 жылға қарай елдегі коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді және заманауи экологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеуді мониторингтеу, есепке алу және ынталандыруға бағытталған «EcoQolday» цифрлық платформасын енгізу жалғасуда. Бүгінгі таңда жүйе арқылы шамамен 50 мың тонна қалдық жиналып, қайта өңдеуге жіберілді, 830 млн теңге көлемінде төлем жасалды.

«Жасыл даму» АҚ алдағы уақытта да экологиялық жүктемені азайтуға және Қазақстанның «жасыл» экономикасын дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдайтын болады.