«Жасыл даму» АҚ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдады
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдады

2025 жылғы 4 қазанда «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық қозғалысы аясында өткізілген аумақты тазалау акциясына қатысты.

Іс-шара Астана қаласындағы Орталық мешіт аумағында өтті. Қатысушылар мешіттің айналасын тазалап, қаланың көрікті әрі таза болуына өз үлестерін қосты.

Осындай экологиялық бастамаларға қатысу компания ұжымы үшін жақсы дәстүрге айналды. Апталық тазалық акциялары қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сондай-ақ ұжымдық рухты нығайтуға және қызметкерлерді табиғат пен ел болашағына деген ортақ жауапкершілікпен біріктіруге ықпал етеді.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» қозғалысы бір реттік сенбіліктер шеңберінен әлдеқашан шыққан. Бұл – елдің экожүйелерінен бастап қалалық орта мен қоғамдық қатынастарға дейінгі тазалық үшін жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді экологиялық бастама.

Биылдың өзінде республика бойынша осы бастама аясында шамамен 1000 экологиялық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 589 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 885 мың гектардан астам аумақ тазартылып, шамамен 4 миллион ағаш отырғызылды.

«Жасыл даму» АҚ барлық қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымы, табиғатқа деген қамқорлығы және Қазақстанның жарқын болашағына қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдіреді. Өйткені табиғатқа деген сүйіспеншілікпен жасалған әрбір кішігірім қадам – үлкен өзгерістердің бастауы.