Нұр-Сұлтан қаласында «Эко Асар» экологиялық марафонының қорытындысы шығарылды. Бір жыл ішінде елордалық оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері 99 тонна 253 келі макулатура, пластик және шыны қаптама қалдықтарын жинап, қайта өңдеуге тапсырды. Қайталама шикізатты тапсырудан 2 млн 870 мың теңге қаражат түсті. Оны аз қамтылған отбасылардың балаларына ноутбук сатып алуға, мектептерді көгалдандыруға және қарусыз қалған жануарлар үшін 2115 келі азық сатып алуға бағытталды.
Акция аясында ӨКМ Операторы Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау тақырыбында оқу орындарында 9 452 интеграцияланған экологиялық сабақ ұйымдастырды. Оған 450 мыңға жуық бала қатысты. Менторлар 10 мың еріктіні экологиялық мәдениет негіздеріне, қатты тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптауға және оның қоршаған ортаға тигізетін пайдасын жүйелі оқыту жүргізді.
Сондай-ақ, «Экологиялық сауаттылық – болашақтың кепілі» қалалық семинар аясында «Менің эко-өмір мектебім» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Елордалық ең үздік эко-мектеп №54 орта мектеп болды. Аталған білім ордасы 4920 келі қайталама шикізатты өңдеуге жинады. Мектепке дейінгі мекемелер арасында №77 «Қошақан» балабақшасы 4 461,3 келі қалдықты қайта өңдеуге жібергені үшін жеңіске жетті.
Іс-шараға қатысушылар жобаның өзекті әрі маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар қазан айынан бастап «Эко Асар – игі істер марафоны» экологиялық акциясының екінші кезеңін іске қосылды. Аталған игі жобаны Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысы және Ақтөбе оқушылары қолдап отыр. Айта кету кперек оқушылар жиналған қайталама шикізатты «EcoQolday» қосымшасы арқылы саудалай алады. Жиналған қаражатты мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қайырымдылық бағытына жұмсайтын болады. Сондай-ақ, күзгі демалыста елордада экологиялық театр өз есігін айқара ашады. Ал екінші тоқсанда мектептерде тұрмыстық қалдықты бөлек жинау бойынша кіріктірілген сабақтар өткізіледі.
«ЭкоАсар – игі істер марафоны» акциясы өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға зор үлесін қосты. Қалдықтарды бөлек жинау мен өңдеудің маңыздылығы туралы 450 000-нан астам адам ақпарат алды.
Жоба ӨКМ Операторы, Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласын білім беруді жаңғырту орталығы мен «Жас Ұлан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды
«ЭкоАсар» акциясына «EcoQolday» жобасының қатысушылары қолдау білдірді.