Қазақстан көміртегі жобаларын іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін дамытуда
Жаңалықтарға оралу

Қазақстан көміртегі жобаларын іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін дамытуда

Астанада Париж келісімі аясында Қазақстандағы көміртегі жобаларын дамытуға арналған екі күндік іс-шара өтуде. Оған Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдері, бірқатар шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен бизнес өкілдері, климаттық жобаларды әзірлеушілер және сарапшылар қатысуда.

Іс-шара бағдарламасы Астананың Жасыл белдеуіне көшпелі сапардан басталды. Қатысушылар орман өсіру тәжірибесімен, сондай-ақ көміртегі жобаларын іске асыруға қолайлы әлеуетті учаскелермен танысты. Мұндай жобалар көміртекті сіңіру көлемін арттыруға, экожүйелердің орнықтылығын күшейтуге және қоршаған ортаның сапасын жақсартуға ықпал ете алады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ұйымдастырды.

Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстанда көміртегі жобаларын іске асырудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ олардың Париж келісімінің 6-бабына сәйкес халықаралық көміртегі тетіктеріне қатысу мүмкіндіктері таныстырылды.

Жобаларды мемлекеттік мақұлдау, қол жеткізілген нәтижелерді есепке алу, мониторинг жүргізу және тәуелсіз верификация мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл талаптарды сақтау көміртегі жобаларының ашықтығы мен сенімділігін, сондай-ақ олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, Қазақстанның Париж келісімінің нарықтық тетіктеріне қатысуы климаттық жобаларға инвестиция тартуға және ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Бизнес, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус және қаржы секторы өкілдерінің қатысуы көміртегі жобаларын инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастық және климаттық бастамаларды іс жүзінде іске асыру тұрғысынан жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.

Бұл бағыттың маңызы 2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне енгізілген өзгерістерге және тиісті заңға тәуелді актілердің әзірленуіне байланысты арта түсуде. Қалыптасып жатқан нормативтік база көміртегі жобаларын іске асыруға және шығарындыларды қысқарту нәтижелерін халықаралық деңгейде беруге, соның ішінде ITMO – халықаралық деңгейде берілетін қысқарту нәтижелерін пайдалануға жағдай жасайды.

Парниктік газдар шығарындылары сауда жүйесінің операторы болып табылатын «Жасыл даму» АҚ ұлттық климаттық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ шығарындыларды есепке алу мен реттеу тетіктерін жетілдіруге қатысуда.

Іс-шара барысында климаттық бастамаларды іске асырудың халықаралық тәжірибесі де таныстырылды. Оның ішінде Ғаламдық экологиялық қордың қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан БҰҰДБ жобалары мен BIOFIN бастамасы қарастырылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі мемлекет, инвесторлар және жоба әзірлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың нақты модельдерін талқылауға арналды. Қатысушылар көміртегі жобаларын әзірлеу және іске асыру, климаттық қаржыландыруды тарту, сондай-ақ шығарындыларды қысқарту нәтижелерін халықаралық деңгейде беру тетіктерін қолдану мәселелерін талқылауда.

Заңнаманы жетілдіру және Париж келісімінің 6-бабы тетіктерін дамыту Қазақстанның көміртегі нарығын одан әрі дамытуға, климаттық қаржыландыру тартуға және халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа экологиялық жобаларды іске асыруға негіз қалайды.