ҚР Құрылтайының Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінде дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов «Таза үй – Таза ел» экологиялық жобасын іске асырудың нәтижелерін таныстырды.
Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып, көппәтерлі тұрғын үйлерде қайталама шикізатты бөлек жинау жүйесін дамытуға бағытталған. Жобаға қатысушылардың өзара іс-қимылы EcoQolday жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Пилоттық кезең 2026 жылғы қаңтарда Астана қаласында басталды. Бүгінде 130-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 53 экобокс орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 100 экобокс пен фандомат орнату жоспарланып отыр. Жоба іске асырылған уақыт ішінде ПИК пен МИБ жиналған қайталама шикізатты 1,2 млн теңгеден астам сомаға өткізді.
Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – ПИК, МИБ және басқарушы компанияларды қалдықтарды бөлек жинау жүйесіне тарту. Бұл тұрғындарға қалдықтарды сұрыптауға қатысып қана қоймай, жиналған қайталама шикізатты өткізуден қосымша табыс алуға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта EcoQolday жүйесінде ПИК пен МИБ-тің қалдық жинаушылармен өзара жұмыс істеуіне немесе жиналған шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына тікелей өткізіп, көзделген төлемдерді алуына мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған.
Пилоттық кезеңнің нәтижелері тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинауға қатысуға дайын екенін көрсетіп, жобаны одан әрі дамыту әлеуетін растап отыр. «Жасыл даму» АҚ Құрылтай депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Таза үй – Таза ел» жобасын еліміздің өңірлеріне кеңейтуді ұсынды.