COP31 конференциясында тұйық цикл экономикасы бойынша халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды
Жаңалықтарға оралу

COP31 конференциясында тұйық цикл экономикасы бойынша халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Антальяда (Түркия) COP31 климаттық конференциясы аясында Ресей Федерациясының ұлттық павильонында «Тұйық цикл экономикасы: халықаралық ынтымақтастық және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық сессия өтті. Сессияда «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов Қазақстанның қайта өңдеу саласын дамыту тәжірибесі мен халықаралық әріптестік мүмкіндіктері туралы баяндады.

Пікірталасқа Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин, «Ресей экологиялық операторы» жария-құқықтық компаниясының бас директоры Павел Косов және БҰҰ-Хабитаттың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Эрфан Али қатысты.

Қатысушылар ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу, инвестиция тарту және бірлескен экологиялық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілеріне көшуде халықаралық ынтымақтастықтың рөліне ерекше назар аударылды.

Нұржан Қабдолданов Қазақстанда тұйық цикл экономикасын қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеумен қатар, өнеркәсіптік ресурстарды қайта айналымға енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу және бастапқы шикізатқа тәуелділікті азайту маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанда қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға 400 млн доллардан астам қаражат көзделген. Сонымен қатар өңірлердің ресурстық әлеуеті бағаланып, инвестиция салуға қолайлы бағыттар айқындалып жатыр. Жинақталған өнеркәсіптік қалдықтарға да ерекше мән беріледі. Экологиялық талаптар сақталса, олар жаңа өндіріс орындары үшін қайталама шикізат көзі бола алады.

«Жасыл даму» АҚ өкілі халықаралық әріптестіктің нақты бағыттарына, соның ішінде технологиялармен алмасуға, инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға да тоқталды.

«Ортақ міндетіміз экономикалық өсім мен экологиялық жауапкершілікті бір даму үлгісінде ұштастыру. Күш-жігерімізді біріктіріп, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жекелеген бастамалардан жүйелі шешімдерге көше аламыз», - деді Нұржан Қабдолданов.

Сессияға қатысушылар тұйық цикл экономикасы саласында тиімді шешімдерді енгізу және климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттердің, бизнестің, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.