Антальяда (Түркия) COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Табиғат бейімделу инфрақұрылымы ретінде: инновациялық және табиғатқа негізделген шешімдер» атты халықаралық сессия өтті. Іс-шараны «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырды. Халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың және экологиялық бастамалардың өкілдері климаттың өзгеруіне бейімделудің практикалық жолдары мен табиғи экожүйелердің төзімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сессияны «Жасыл даму» АҚ Салалық құзыреттер 2 департаментінің директоры Дана Қасенова жүргізді.
Қатысушылар табиғи экожүйелердің мүмкіндіктерін климаттың өзгеруіне бейімделу үшін пайдалануға баса назар аударды. Сарапшылар су ресурстарын сақтау, тау экожүйелерін қалпына келтіру, жасанды мұздықтар жасау технологияларын қолдану, сондай-ақ табиғи тетіктерді заманауи инженерлік және цифрлық технологиялармен ұштастыру мәселелерін қарастырды.
Сессияны ашқан «Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Ботагөз Ахметова құрғақшылық, жердің тозуы мен шөлейттену жағдайында табиғатқа негізделген шешімдердің Қазақстан үшін өзекті екенін атап өтті. Ол ормандарды, жайылымдарды және Арал теңізінің құрғаған табанындағы өсімдік жамылғысын қалпына келтірудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ мұндай жобаларды іске асыру үшін сенімді мониторинг жүйелерін енгізіп, климаттық қаржыландыру тарту қажет екенін айтты.
БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) климаттық жобалар жөніндегі талдаушысы Сәулет Сәкенов Қазақстанның климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі алғашқы ұлттық жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілі Джереми Шликенридер таулы өңірлерде бейімделу жобаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Орталық Азия университетінің криосфера зерттеушісі Денис Самин мұздықтарды зерттеудің ғылыми тәсілдері және табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану туралы айтты.
Ыстанбұл университеті - Джеррахпашаның профессоры Юсуф Серенгил халықаралық тәжірибені таныстырды. Оның баяндамасы табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану арқылы Түркиядағы табиғи апаттар қаупін азайтуға және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға бағытталған TERRA жобасына арналды.
Экожүйелерді қалпына келтіруге арналған нақты бастамалар да таныстырылды. Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүнкеев Қазақстандағы ормандарды қалпына келтіруге және еліміздің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған Halyk Ormany бастамасы туралы баяндады. Әзербайжанның Future қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлшан Ахундова өз еліндегі су теңгерімі мен су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталды.
Пікірталас барысында қатысушылар халықаралық тәжірибені Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде қолдану, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Табиғатқа негізделген шешімдерді кеңінен енгізуге қажетті тиімді мониторинг тетіктерін қалыптастыру, климаттық тәуекелдерді бағалау және қаржыландыру тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Халықаралық сессия «Жасыл даму» АҚ-ның климаттық саясат пен табиғи ресурстарды орнықты пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту жұмысының бір бөлігі болды. Ғылыми білім мен практикалық тәжірибе алмасу экожүйелерді сақтауға және өңірлердің климаттың өзгеруі салдарына төзімділігін арттыруға бағытталған табиғатқа негізделген шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.