17 қарашада Антальяда (Түркия) COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Орман және дала өрттері, ормандар мен далалардың тозуы және оларды қалпына келтіру» атты халықаралық сессия өтті. «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты. Олар табиғи өрттердің алдын алу, орман мен дала аумақтарын қорғау және зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру жөнінде тәжірибе алмасты.
Қатысушылар заманауи мониторинг және ерте ескерту жүйелеріне, өртке ден қою тетіктерін жетілдіруге және табиғатқа негізделген шешімдерді қолдануға баса назар аударды. Сондай-ақ жердің тозуы, табиғи ландшафттарды қалпына келтіру және олардың климаттың өзгеруінің салдарына төзімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
«Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Ботагөз Ахметова құттықтау сөзінде ауа температурасының көтерілуі мен ұзаққа созылған құрғақшылық жағдайында табиғи аумақтарды қорғау кешенді тәсілді қажет ететінін атап өтті. Бұл тәсіл өрттің алдын алуды, заманауи мониторинг технологияларын қолдануды және экожүйелерді ғылыми негізде қалпына келтіруді қамтиды. Ол ұзақ мерзімді экологиялық нәтижелерді, соның ішінде орман және дала экожүйелерінің көміртекті сақтау және сіңіру қабілетін бағалаудың маңызына да тоқталды.
ФАО-ның Өрттерді басқару жөніндегі жаһандық орталығының орман шаруашылығы жөніндегі аға маманы Эми Дюшель (Amy Duchelle) табиғи өрттерді басқару саласындағы халықаралық тәжірибені таныстырды. Ол өрт қаупін азайту тәсілдері мен осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктеріне тоқталды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Мемлекеттік бақылау, ормандарды күзету және қорғау басқармасының басшысы Нияз Жолбарыс Қазақстанның ормандарды қорғау тәжірибесі туралы баяндады. Оның баяндамасында еліміздің орман ресурстарын қорғау, өрттің шығуына жол бермеу және табиғи өрттердің алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қамтылды.
Талқылаудың бір бөлігі табиғи экожүйелердің климаттың өзгеруіне бейімделуіне арналды. ФАО-ның Орталық Азия бойынша субөңірлік өкілдігінің климаттың өзгеруі және су жинау алаптарын басқару жөніндегі маманы Эрда Челер (Erda Çeler) климаттың өзгеруіне бейімделу және табиғи аумақтарды орнықты басқару саласындағы халықаралық жобалардың басым бағыттарын таныстырды.
Ыстанбұл Джеррахпаша университетінің профессоры Юсуф Серенгил (Yusuf Serengil) Жерорта теңізі өңірінің тәжірибесімен бөлісті. Ол MEDFIREWISE бастамасының мысалында орман өрттері қаупін азайту және ландшафттардың климаттық қатерлерге төзімділігін арттыру үшін табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану туралы айтты.
Өрт қаупін ерте анықтаумен қатар, дер кезінде нақты әрекет ету кездесудің маңызды тақырыптарының бірі болды. Сессияға онлайн қатысқан Табиғи апаттарға дайындық жөніндегі Азия орталығының (ADPC) климаттық басқару және төзімділік жөніндегі бағдарламасының жетекшісі Билл Хо (Bill Ho) Азия елдеріндегі табиғи қатерлер туралы кешенді ескерту жүйелері аясында өрт тәуекелдерін басқару тәсілдерін таныстырды.
Сессияны «Жасыл даму» АҚ Салалық құзыреттер 2 департаментінің директоры Дана Қасенова жүргізді. Қорытынды пікірталаста қатысушылар халықаралық тәжірибені Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, ерте ескерту жүйелерін дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және жергілікті қауымдастықтарды өрттің алдын алу мен табиғи аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарына тарту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Тәжірибе алмасу табиғи өрттердің алдын алу, тозған экожүйелерді қалпына келтіру және орман мен дала аумақтарының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.