Маңғыстау облысында экология мәселелері бойынша халықпен кездесу өтті
Жаңалықтарға оралу

Маңғыстау облысында экология мәселелері бойынша халықпен кездесу өтті

Өңірлерге жұмыс сапарлары аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Маңғыстау облысының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді, сондай-ақ Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында азаматтарды жеке қабылдады.

Кездесуге «Жасыл даму» АҚ атынан басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов қатысты.

Іс-шара барысында «Жасыл даму» АҚ өкілдері өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) тетігін EcoQolday ақпараттық жүйесі арқылы іске асыруға қатысты сұрақтарға жауап берді. Маңғыстау облысында қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу саласында қызмет көрсететін және белгіленген талаптарды сақтап, орындалған жұмыс көлемін растаған жағдайда EcoQolday аясында өтемақы төлемдерін алатын бизнес субъектілері тіркелгені түсіндірілді.

Төлемдер қалдық түрі, көлемі, логистикалық шығындар және көрсетілген қызметтерді құжаттық растау негізінде айқын әрі бірыңғай өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылатыны атап өтілді. Сондай-ақ EcoQolday тетігі өңірлік ерекшеліктерді, бизнес пен қоғамдық ұйымдар тарапынан түскен ұсыныстарды ескере отырып, үнемі жетілдіріліп отырғаны айтылды.

Диалог барысында қалдықтарды тасымалдауға арналған төлемдерді маршруттардың ұзақтығын, елді мекендердің шалғайлығын, климаттық жағдайлар мен Маңғыстау облысының инфрақұрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған тәсілмен енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Сондай-ақ қатысушыларға ӨКЖ операторының қаржыландыруы аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат ұсынылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысымен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіптегі жобаларды ӨКЖ операторының қаржыландыру қағидалары бекітілген.

Осы тетік аясында Маңғыстау облысында орналасқан «Пакетная фабрика» ЖШС утилизациялық алым есебінен 585 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алуға мақұлданды. Жоба қағазды қайта өңдеуді дамытуға және экологиялық таза қаптама өндіруге бағытталған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 3 мың тоннаға дейін қайта өңделген қағазды құрайды.

Азаматтарды жеке қабылдауға бизнес, қоғамдық және салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты, олардың қатарында «Eco Waste Aqtau» компаниясының өкілдері, «Taza.Likee» ЖШС директоры, «ECOJER» қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов, «Qazaq balyk» балық шаруашылығы және аквакультура республикалық қауымдастығының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Данияр Акимжанов, сондай-ақ басқа да өтініш берушілер болды.

Қабылдау барысында қалдықтарды басқару, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық бастамаларды дамыту және бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы саласындағы өзекті мәселелер қаралды.

Маңғыстау облысының 2 қаласы мен 5 ауданында қалдықтарды басқару бағдарламалары толық көлемде бекітілгені атап өтілді. 2025 жылдың 9 айында 61 рұқсатсыз қоқыс орны анықталып, олардың 56-сы жойылды, бұл 91%-ды құрайды.

«Жасыл даму» АҚ экологиялық бастамаларды қолдау, экологиялық мониторинг инфрақұрылымын дамыту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ашық әрі сындарлы диалогқа ықпал етуде.