Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай Қоғамның қаржылық қолдауымен қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеу жобаларын іске асырып жатқан кәсіпорындарға барды.
«Zero Waste Ақтау» ЖШС-де делегация арнайы техника паркін жаңарту барысымен танысты. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы кәсіпорынға қалдықтарды жинау және шығаруға арналған 25 бірлік техника сатып алуға қаржы бөлінді.
Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Оның 800 млн теңгесі «Жасыл даму» АҚ-ның қаржылық қолдауымен берілді. Қаражат толық көлемде игеріліп, арнайы техника сатып алынды. Автопаркті жаңарту қалдықтарды жинау және шығару сапасын арттыруға, сондай-ақ Ақтау қаласының тазалығын сақтауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында делегация крафт-қағаз өндіретін қайта өңдеу өндірісін құру жобасын жүзеге асырып жатқан «Пакетная фабрика» ЖШС-не де барды.
Жобаның құны 650 млн теңгені құрайды. «Жасыл даму» АҚ бөлген қаржы көлемі 585 млн теңге. 5 қазандағы жағдай бойынша өндірістік желі жөнелтілді. Келесі кезеңде жабдықты жеткізу және монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ еліміздің өңірлерінде қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастыруда.