«Әділет» партиясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев пен «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолдановтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді қолдау, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тарту мәселелері талқыланды.
Негізгі тақырыптардың бірі EcoQolday бағдарламасы болды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қатысушыларға 5,3 млрд теңгеден астам төлем жасалып, қайта өңделген қалдықтар көлемі 162,4 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыруға және қайталама шикізатты өткізуден табыс табуға мүмкіндік беретін МИБ пен ПИК-тің қатысу тетіктері таныстырылды. Бүгінде Астанада 130-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 53 экобокс орнатылған.
Сонымен қатар қатысушыларға инфрақұрылымдық жобаларды жылдық 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі туралы ақпарат берілді. 2024–2026 жылдарға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуді дамытуға және арнайы техника сатып алуға 185 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдары қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары бойынша жобаларды қаржыландыруға тағы 54 млрд теңге көзделген.