«Жасыл даму» АҚ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары тараптарының конференциясына қатысты
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары тараптарының конференциясына қатысты

2025 жылғы 27 сәуірден бастап 9 мамыр аралығында Швейцарияның Женева қаласында қауіпті химиялық заттар мен қалдықтарды басқаруға арналған үш негізгі халықаралық келісімді қамтитын Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары тараптарының конференциясы (БРС-2025) өтуде.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Жасыл даму» АҚ-ның Тарихи қалдықтарды басқару департаментінің директоры Анар Сарсенова Базель конвенциясы тараптары конференциясының он жетінші сессиясы (BC COP-17), Роттердам конвенциясы тараптары конференциясының (RC COP-12) он екінші сессиясы және Стокгольм конвенциясы тараптары конференциясының (SC COP-12) он екінші сессиясы шеңберінде жоғары деңгейдегі сегментке қатысты. Сегменттің тақырыбы – «Көрінбейтінді көрінетін ету: химиялық заттар мен қалдықтарды ұтымды басқару».

Жоғары деңгейдегі сегментке қатысушылар шұғыл, үйлестірілген халықаралық іс-қимылдар қажеттігін атап өтіп, халықаралық және ұлттық деңгейлерде өршіл және өзекті құралдар ретінде БРС конвенцияларын нығайтуға шақырды.

Өнеркәсіпті тартуға, айналмалы экономикаға көшуге, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ әділ сауда, технологияларды беру және әлеуетті арттыру арқылы дамушы елдерді қолдауға ерекше назар аударылды. Талқылау барысында «нөлдік қалдықтар» стратегияларына да баса назар аударылды.

Сонымен қатар, Масарик университетінің (Чехия Республикасы) Жаратылыстану факультеті жанындағы Ұлттық уытты қосылыстар орталығы мен Стокгольм конвенциясының өңірлік орталығы – RECETOX директоры, ханым Катерина Себковамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Ғаламдық экологиялық қор және БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстан Республикасының Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерін орындау жөніндегі Ұлттық жоспарды қайта қарау және жаңарту жобасы аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«Жасыл даму» АҚ тұрақты даму мақсаттарына, халықаралық экологиялық міндеттемелерді іске асыруға және химиялық заттар мен қалдықтарды қауіпсіз әрі ұтымды басқаруға белсенді үлес қосуға дайын екенін растайды.