«Жасыл даму» АҚ өңірлермен EcoQolday жүйесін дамыту және қалдықтарды бөлек жинау мәселелерін талқылады
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ өңірлермен EcoQolday жүйесін дамыту және қалдықтарды бөлек жинау мәселелерін талқылады

2026 жылғы 21 тамызда «Жасыл даму» АҚ EcoQolday жүйесін дамыту және халықты қалдықтарды бөлек жинауға тарту мәселелері бойынша онлайн-кеңес өткізді. Талқылауға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, қалдықтарды шығару ұйымдарының, ПИК пен МИБ өкілдері қатысты.

Кеңеске барлығы қалдықтарды басқару және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 60-тан астам өкілі қатысты.

Негізгі тақырыптардың бірі – Астанада жүзеге асырылып жатқан және тұрғын үй кешендерін қайталама шикізатты бөлек жинауға тартуға бағытталған «Таза үй – Таза ел» жобасын дамыту болды. Қатысушылар жобаның қазіргі нәтижелерін, оның ауқымын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін және осыған ұқсас тетікті Қазақстанның өңірлерінде енгізу жолдарын талқылады.

Қайталама шикізатты жинау көлеміне, қайта өңдеуге тапсырылған қалдықтар үшін төлем жасау тетігіне, сондай-ақ қалдықтарды шығару және қайта өңдеу ұйымдарының ПИК, МИБ және басқарушы компаниялармен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.

«Жасыл даму» АҚ өкілдері қатысушыларға EcoQolday ақпараттық жүйесінде тіркелу және жұмыс істеу тәртібін, кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ платформаға қосылудың негізгі кезеңдерін түсіндірді.

Сонымен қатар кеңес барысында қалдықтарды басқару саласындағы қолданыстағы қолдау шаралары, тұрғын үй кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерін қалдықтарды бөлек жинау жүйесіне тарту тетіктері, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

Мұндай кездесулер сала қатысушылары мен өңірлер арасындағы тікелей өзара іс-қимылды нығайтуға, қалдықтарды бөлек жинауды одан әрі дамытуға және қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.