«Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов «Сенімді провайдерден біліктілікті тексеру (зертханааралық салыстырулар): жақын әрі қолжетімді» атты II халықаралық конференцияға қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы ұйымдастырған іс-шара мемлекеттік ұйымдардың, сынақ зертханалары мен медициналық зертханалардың, біліктілікті тексеру провайдерлерінің, сондай-ақ халықаралық серіктестердің өкілдерін бір алаңға жинады.
Нұржан Қабдолданов өз баяндамасында сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды басқару бағытында Қоғам атқарып жатқан жұмыстар туралы айтты. Бүгінде құрамында улы химикаттар, пестицидтер, химиялық және радиоактивті заттар, мұнай шламдары, құрамында сынап бар қалдықтар мен тұрақты органикалық ластағыштар бар 17 нысан Қоғамның басқаруына берілген. Нысандардың бір бөлігінде қажетті жұмыстар жүргізілді, ал қалған нысандар бойынша тиісті іс-шараларды өткізу көзделген.
Сонымен қатар қалдықтарды басқару жүйесіне қатысушылар арасындағы үйлестіруді күшейту, процестерді цифрландыру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту сияқты саланы реформалаудың негізгі бағыттары таныстырылды.
Қауіпті қалдықтарды зертханалық зерттеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өзекті міндеттердің қатарында зертханалық инфрақұрылымды дамыту және қажетті бағыттар бойынша аккредиттелген ұйымдарды іздеуге арналған қолайлы цифрлық құралдарды әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
«Жасыл даму» АҚ тұрақты органикалық ластағыштарға мониторинг жүргізу және оларды қауіпсіз басқару саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Жасыл даму» АҚ мен Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, тараптардың алдағы уақытта өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі ниетін бекітті.