«Жасыл даму» АҚ климаттық саясат саласындағы сарапшылық әлеуетін нығайтуда
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ климаттық саясат саласындағы сарапшылық әлеуетін нығайтуда

Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының қолдауымен ұлттық деңгейде айқындалған үлесті бағалау құралы - NEXT (NDC Expert Tool) бойынша практикалық тренинг өтті.

Оқытуға «Жасыл даму» АҚ қызметкерлері қатысты. Тренинг Париж келісімінің талаптары мен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) әдіснамасына сәйкес агроазық-түлік жүйелеріндегі парниктік газдар шығарындыларын бағалау, мониторинг жүргізу және есептілік дайындау саласындағы кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталды.

Бес күн бойы қатысушылар NEXT құралын тәжірибеде қолдану тәсілдерін меңгеріп, сценарийлік талдау әдістерін, сондай-ақ CO₂, CH₄ және N₂O шығарындыларын бағалау жолдарын зерттеді. Сонымен қатар биомасса мен топырақтағы көміртек қорының өзгерістерін есептеу тетіктері қарастырылды. Орманды қалпына келтіру, деградацияға ұшыраған жерлерді рекультивациялау, топырақ ресурстарын тұрақты басқару және заманауи ауыл шаруашылығы тәжірибелерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу «Жасыл даму» АҚ-ның сарапшылық әлеуетін нығайтып, климаттық есептілікке арналған заманауи құралдарды қолдану бойынша практикалық дағдыларды дамытуға ықпал етеді. Алынған білім қызметкерлерге Қазақстанның климаттық саясатын іске асыруға және ұлттық экологиялық мақсаттарға қол жеткізуге тиімдірек атсалысуға мүмкіндік береді.