Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №20 «ҚР экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері және «ӨКМ Операторы» ЖШС жарғылық капиталына қатысу үлесін жеке меншіктен мемлекеттік меншікке сыйға тарту шарты бойынша қабылдау туралы» қаулысына (бұдан әрі – Үкімет Қаулысы) сәйкес, «Жасыл даму» АҚ өндірушілердің (импорттаушылардың) Кеңейтілген Міндеттемелерінің Операторы (бұдан әрі - Оператор) болып айқындалған.
Үкімет қаулысын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта оператор «ӨКМ Операторы» ЖШС-дан Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде көзделген міндеттемелерді, оның ішінде қаржылық міндеттемелерді, активтер мен ақша қаражатын қабылдау рәсімін жүзеге асырады.
Осылайша, екі тараптан барлық қажетті корпоративтік шешімдер қабылданып, Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық істер шеңберінде салынған «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің банктік шоттарынан шектеуді алып тастау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жоғарыда көрсетілген рәсімдер аяқталғаннан кейін «Жасыл даму» АҚ бұрынғы оператор ретіндегі соңғы өкілеттікті жүзеге асыру шеңберінде «ӨКМ Операторы» ЖШС міндеттемелерінің толық құқықты мұрагері болады.