«Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі: ашықтық, сенім және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Жаңалықтарға оралу

«Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі: ашықтық, сенім және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу

Қазіргі жағдайда ұйымның орнықты дамуы мемлекет, қоғам, жұмыскерлер, серіктестер және өзге де мүдделі тараптардың сенімінсіз мүмкін емес. Квазимемлекеттік сектор компаниялары үшін өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізумен қатар, заңдылық, адалдық, ашықтық және іскерлік әдеп қағидаттарын сақтау ерекше маңызға ие. Дәл осы міндеттер «Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі жұмысының негізін құрайды.

Комплаенс ұғымы және мәні

Кең мағынада комплаенс ұйым қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына, ішкі нормативтік құжаттарға, корпоративтік құндылықтарға, іскерлік әдеп стандарттарына және адал мінез-құлық қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық, құқықтық және этикалық шаралар жүйесін білдіреді.

Басқаша айтқанда, комплаенс белгіленген қағидаларды сақтауды және ұйым үшін құқықтық, қаржылық, беделдік, сыбайлас жемқорлық немесе өзге де тәуекелдерге әкеп соғуы мүмкін әрекеттердің алдын алуды білдіреді. Комплаенс заң талаптарының орындалуын формальды бақылаумен ғана шектелмейді. Оның негізгі міндеті жұмыскерлер өз міндеттерін түсінетін, адал әрекет ететін және ықтимал бұзушылықтар немесе тәуекелдер туралы уақтылы хабарлайтын корпоративтік ортаны қалыптастыру болып табылады.

Практикалық тұрғыдан алғанда, комплаенс тәуекелдерді анықтау мен бағалауды, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықтың алдын алуды, мүдделер қақтығысын реттеуді, контрагенттер мен кандидаттардың адалдығы мен сенімділігін тексеруді, консультациялық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, заңнамадағы өзгерістерге мониторинг жүргізуді, сондай-ақ ашықтық, жауапкершілік және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды қамтиды.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін комплаенс ерекше маңызға ие, өйткені олардың қызметі заңдылыққа, ашықтыққа, ресурстарды тиімді пайдалануға және мемлекет, қоғам мен іскерлік серіктестердің сеніміне қойылатын жоғары талаптармен байланысты. Осыған байланысты комплаенс бақылау функциясы ғана емес, сонымен қатар ұйымның орнықты дамуына, оның іскерлік беделін қорғауға және корпоративтік мәдениетті нығайтуға ықпал ететін превентивтік тетік болып табылады.

Қазақстанда комплаенстің қалыптасу тарихы

Қазақстанда комплаенс мәдениетінің дамуы мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қалыптасуымен тығыз байланысты. Алғашқы жүйелі қадамдардың бірі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға және жолын кесуге бағытталған 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының қабылдануы болды.

Келесі кезең 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының қабылдануымен байланысты. Аталған Заң құқық бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға негізделген қазіргі заманғы тәсілді бекітті. Атап айтқанда, Заңға сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің функцияларын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше немесе жауапты тұлға айқындалады.

Комплаенсті одан әрі дамытудағы маңызды бағдар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы болды. Тұжырымдама сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді айқындайды. Оны іске асыру, оның ішінде мемлекеттік органдарға, ведомстволық бағынысты ұйымдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жүктелген.

Комплаенс функциясының қосымша институционалдық негізін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 31 наурыздағы № 112 бұйрығымен бекітілген Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтері туралы үлгілік ереже қалыптастырды. Аталған Үлгілік ережеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі функция ретінде айқындалған.

Корпоративтік басқарудағы комплаенстің орны

Комплаенс корпоративтік басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның негізгі мақсаты ұйым қызметінің заңнама талаптарына, ішкі нормативтік құжаттарға, этикалық стандарттарға және адал мінез-құлық қағидаттарына сәйкес келуін қамтамасыз ету болып табылады.

Акционерлік қоғам үшін комплаенс ерекше маңызға ие, өйткені корпоративтік басқару акционер, Директорлар кеңесі, атқарушы орган, жұмыскерлер және мүдделі тараптар арасындағы ашық қатынастарды қалыптастыруды көздейді. Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңы қоғам органдары, акционерлер және өзге де мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды реттейтін қоғамның ішкі құжаттары мен корпоративтік басқару кодексінің маңызын айқындайды.

Осыған байланысты Комплаенс қызметі бұзушылықтардың алдын алуға, комплаенс-тәуекелдерді төмендетуге, іскерлік әдепті нығайтуға және Қоғамның беделін қорғауға бағытталған превентивтік әрі консультациялық институт ретінде әрекет етеді.

«Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі

«Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін ұйымдастыру және бақылау мақсатында Директорлар кеңесінің шешімімен 2022 жылғы шілдеде құрылды. Қызметтің негізгі рөлі Қоғам қызметінің сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа және мүдделер қақтығысына қарсы іс-қимыл саласындағы жоғары стандарттарға сәйкестігін, ашықтығын және әдептілік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

«Жасыл даму» АҚ өз жұмысын үздік комплаенс практикаларына сәйкес ұйымдастырады, өйткені әлеуетті инвесторлар, серіктестер мен қоғам үшін компанияның өз қызметін адал, ашық әрі заңды түрде жүзеге асыруы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, комплаенс формальды рәсім ғана емес, Қоғамға деген сенімнің маңызды элементі болып табылады.

Ішкі құжаттар және комплаенс-инфрақұрылымы

Қоғамда сыбайлас жемқорлық, этикалық, беделдік және өзге де комплаенс-тәуекелдердің алдын алуға бағытталған ішкі нормативтік база қалыптастырылған. Комплаенс функциялары шеңберінде мынадай ішкі құжаттар әзірленіп, қолданысқа енгізілген:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, оларды анықтау және реттеу жөніндегі шараларды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің стратегиясы мен негізгі қағидаттарын айқындайды.
  • Лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлердің корпоративтік қақтығыстары мен мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі саясат мүдделер қақтығысын анықтау, қарау және реттеу рәсімдерін, сондай-ақ корпоративтік қақтығыстар мәселелерін реттейді.
  • Бастамашылық хабардар ету саясаты Комплаенс қызметінің байланыс арналары, оның ішінде жедел желі арқылы өтініштер мен хабарламаларды беру тәртібін, сондай-ақ оларды қарау тәртібін айқындайды.
  • Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саясаты Қоғам қызметінде алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі тәсілдер мен шараларды белгілейді.
  • Жұмыскерлерге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулық сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды сақтау бойынша жұмыскерлерге арналған практикалық талаптар мен бағдарларды қамтиды.
  • Комплаенс-тәуекелдерді басқару қағидалары комплаенс-тәуекелдерді анықтау, бағалау, мониторинг жүргізу және барынша азайту тәсілдерін айқындайды.

Сонымен қатар, Комплаенс қызметі Адам ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп Қоғамның Іскерлік әдеп кодексін әзірледі. Кодекс Қоғамның миссиясы мен құндылықтарына негізделген мінез-құлық нормаларын айқындайды және жұмыскерлер, серіктестер арасындағы адал әрі әділ қатынастарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қоғамның ішкі қағидаларын сақтауға бағытталған.

Қызметтің негізгі бағыттары

Комплаенс қызметі жұмысының негізгі бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамадағы өзгерістерге тұрақты мониторинг жүргізу болып табылады. Мұндай мониторинг құқықтық реттеудегі өзгерістерге уақтылы ден қою, ішкі құжаттарды өзектендіру және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау үшін қажет.

Бос лауазымдарға кандидаттардың және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша тартылатын тұлғалардың адалдығы мен сенімділігін тексеру маңызды орын алады. Мұндай тексеру Қоғам үшін қаржылық, құқықтық немесе беделдік тәуекелдер туындатуы мүмкін тұлғаларды жұмысқа қабылдау немесе тарту ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.

Контрагенттерді тексеру де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Әрбір жаңа әріптестік, келісім немесе сыртқы тараппен өзара іс-қимыл әлеуетті тәуекелдерді қамтуы мүмкін. Осыған байланысты Комплаенс қызметі әлеуетті және қолданыстағы контрагенттерді сенімділігі, үлестестігі және заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан кешенді тексеруді жүзеге асырады.

Қоғам үшін нәтижелері мен маңызы

2022–2026 жылдар кезеңінде Қоғамда «Жасыл даму» АҚ лауазымды тұлғаларының немесе жұмыскерлерінің әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Сондай-ақ Комплаенс қызметінің жоспарланған іс-шаралары белгіленген мерзімдерде және толық көлемде орындалғаны атап өтіледі.

Бұл нәтиже жүйелі профилактикалық жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Тиімді комплаенс жасалған бұзушылықтарға ден қоюмен ғана шектелмейді. Оның басты құндылығы тәуекелдердің алдын алуда, адалдық мәдениетін қалыптастыруда, жұмыскерлердің жауапкершілігін арттыруда және Қоғам қызметіне деген сенімді нығайтуда жатыр.

«Жасыл даму» АҚ Комплаенс қызметі Қоғамның корпоративтік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Оның қызметі заңдылықты, ашықтықты, іскерлік әдепті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықтың, алаяқтықтың, мүдделер қақтығысының және өзге де комплаенс-тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының заңнамасын және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қойылатын қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, комплаенс функциясы ұйымның орнықты дамуының ажырамас шартына айналуда. «Жасыл даму» АҚ үшін бұл тек бақылау тетігі ғана емес, сонымен қатар сенімді нығайтудың, беделді қорғаудың және адал әрі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудың құралы болып табылады.