| Соңғы биржалық мәмілеге сәйкес көміртегі квотасы бірлігінің биржалық баға белгіленімі, ҚҚС-пен | 397₸ |
Қазақстан Республикасы 2016 жылдың 2 тамызда Париж келісіміне қол қойып, оны сол жылғы 4 қарашада ратификациялады. Париж келісімінің барлық тараптарының парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі өз міндеттемелері бар. Қазақстан өзінің алдына 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқарту жөнінде үлкен мақсат қойды.
Жоғарыда аталған мақсатқа қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі шығарындылар сауда жүйесі (ШСЖ) болып есептеледі.
2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде 20-тарау парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу мәселесіне арналған (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K2100000400).
Шығарындылар сауда жүйесінің (ШСЖ) алғашқы пилоттық кезеңі 2013 жылы басталды (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200001588); екінші кезең 2014-2015 жылдары болды (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1300001536). Дәл осы кезеңде 2014 жылы квоталар алғаш рет биржада сатылғанын атап өту қажет. 2015 жылы парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлудің 3-ші Ұлттық жоспары жасалды. Алайда 2016 жылы жүйені жақсарту үшін, әсіресе квоталарды бөлу тұрғысынан тоқтата тұруға тура келді. Кешенді түзетулер енгізілгеннен кейін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ШСЖ үшінші сауда кезеңі іске қосылды (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1700000873).
Қазақстандық ШСЖ мұнай-газ өнеркәсібін, энергетика секторын, тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібін, сондай-ақ цемент, әк, гипс және кірпіш сияқты құрылыс материалдарын өндірумен байланысты өңдеу өнеркәсібін қамтиды. Жылына 20 000 тонна көміртегі диоксиді шығарындыларының мөлшері шекті мән ретінде пайдаланылады. Оған сәйкес қондырғылар көміртегі квоталарын бөлудің ұлттық жоспарына (КБҰЖ) енгізіледі. Бүгінгі таңда ШСЖ көмірқышқыл газының шығарындыларын ғана қамтиды (квоталайды).
Мониторинг, есептілік, верификация (monitoring, reporting, verification – MRV) талаптары бойынша үшінші тараптың тексеруді болжайтын бағалау (есептік) әдісі пайдаланылады.
Келесі жақсартулар екі жылдық үзіліс кезінде жүргізілді:
- парниктік газдар шығарындылары бойынша электрондық есептілікті енгізу;
- валидация және верификация жөніндегі органдарды аккредиттеу құзыреті Ұлттық аккредиттеу орталығына берілді;
- парниктік газдар шығарындыларының үлестік коэффициенттерін (бенчмарктерді) қабылдау. ҚР ШСЖ квоталау мақсатына арналған бенчмарк-бұл квоталау субъектісі өндіретін өнімнің бірлігіне СО2 шығарындыларының көрсеткіші. Қолданыстағы бенчмарктер 2013-2015 жылдардағы өнім өндірісі кезінде СО2 шығарындыларын есептеу жолымен есептелген (орташа мәні). Электр энергетикасы, өнеркәсіп және мұнай-газ секторы үшін 52 бенчмарк әзірленді және бекітілді (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1700015396).
2021 жылдан бастап қондырғыларды квоталау толығымен бенчмаркинг әдісін қолдану негізінде жүзеге асырылады. 2021 жылға арналған КБҰЖ-да парниктік газдар шығарындыларына квоталар бенчмарктерді 2017-2019 жылдардағы өнім өндірісінің орташа мәніне көбейту жолымен есептелді (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2100000006).
2022-2025 жылдарға арналған КБҰЖ жобасында квоталанатын қондырғыларға арналған квоталар да бенчмаркинг әдісін қолдану жолымен толық есептелді. 2022-2025 жылдарға арналған КБҰЖ-дағы көміртегі квоталары парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерді ескере отырып, бенчмарктерді 2017-2019 жылдардағы өнім өндірісінің орташа мәніне көбейту арқылы есептелді.
Квоталау субъектісі ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейін мемлекеттік көміртегі кадастрында өткен жылғы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
Парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептердің негізінде көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарына енгізуге жататын квоталанатын қондырғылардың тізбесі қалыптастырылады.
Квоталанатын қондырғылар үшін тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің саны бенчмарктерді қолдану жолымен есептеледі.
Көміртегі квоталарының Ұлттық жоспары тиісті бес жылдық кезеңге әзірленеді және бекітіледі.
Әрбір квоталанатын қондырғы үшін көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарында айқындалған көміртегі квотасы көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есептеледі.
Квоталау субъектісі парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы жыл сайынғы есепті ұсынғаннан кейін квоталарды өтеу (СО2 верификацияланған шығарындыларына сәйкес көміртегі бірліктерін айналыстан алу) жүргізіледі.
Квоталанатын қондырғының қуатын төмендету есебінен құрылған көміртегі квотасының бірліктері сатыла алмайды және көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарының резервіне қайтаруға жатады.
Қуаттың төмендеуі деп өнімді өндірудің, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасымалдаудың жылдық көлемінің төмендеуі түсіндіріледі.
Квоталанатын қондырғының қуаты ұлғайған кезде квоталау субъектісі қосымша көміртегі квотасын алу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгінеді.
Сондай-ақ квоталау субъектісі квоталар профициті/тапшылығы кезінде көміртегі квоталарын тауар биржасы арқылы немесе көміртегі бірліктерімен сауда жасау қағидаларында айқындалған тәртіппен тікелей мәміле жасасу арқылы сата/сатып ала алады (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100023719).
Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерімен барлық транзакциялар жүргізіледі (алып қою, өтеу, сатып алу, сату, негізгі/қосымша квота алу және т.б.).
Мемлекеттік көміртегі кадастрында кәсіпорындардың есептік деректері (парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептер) электрондық түрде қамтылған.
«Жасыл даму» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (бұдан әрі – ҚР ЭТРМ) мен Халықаралық қайта құру және даму банкі (бұдан әрі - Келісім) арасындағы «Шығарындылар саудасы нарығын іске асыру жөніндегі әріптестік» жобасын (бұдан әрі - Жоба) іске асыру жөніндегі келісімге 2024 жылдың 23 сәуірінде қол қойылғанын хабарлайды.
Жобаның мақсаттары шығарындыларға квоталар саудасы жүйесінің (бұдан әрі – ШСЖ) тиімділігін арттыру және Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын салым бөлігінде 2030 жылға дейін жаңартылған мақсаттарын іске асыруға және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге жәрдемдесу мақсатында көміртегі шығарындылары үшін төлемдерді кеңейтуді қолдау болып табылады.
Нарықты жүзеге асыру бойынша серіктестік елдерге даму басымдықтарына сәйкес баға белгілеу құралдарын әзірлеуге, сынауға және енгізуге көмектеседі.
Жобаның негізгі нәтижелері келесі болады деп күтілуде:
1) Көміртектің ең төменгі бағасын енгізу, салалық талдау жүргізу, ішкі офсеттік нарықты ілгерілету есебінен елдегі парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды ынталандыру үшін жетілдірілген ШСЖ.
2) ШСЖ-де мониторинг, есептілік және верификацияның жетілдірілген жүйесі.
3) Аукциондарды іске қосу арқылы көміртегі бірліктерін бөліп таратудың жетілдірілген жүйесі.
4) Ішкі көміртекті офсеттердің жақсартылған құрылымы, соның ішінде көміртекті бірліктермен транзакцияларға арналған ақпараттық технологиялардың жаңартылған инфрақұрылымы.
5) Көміртегі шығарындыларына баға белгілеуді кеңейту нұсқаларын бағалау.
Жобаның бенефициарлары мүдделі мемлекеттік органдар, квоталау субъектілері, көміртекті офсеттерге қатысушылар, ШСЖ және көміртегі шығарындыларына салынатын салықтармен байланысты негізгі мүдделі тараптар/салалар, сондай-ақ энергетикалық ауысудан зардап шеккен қауымдастықтар болады.