ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 Самарқандта ресми түрде ашылды
Баспасөз орталығына оралу

ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 Самарқандта ресми түрде ашылды

Самарқанд қаласындағы «Silk Road Samarkand» халықаралық көрме кешенінде өңірдегі ең ірі экологиялық көрме және форум - ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 салтанатты түрде ашылды. Ауқымды іс-шара Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздік, климаттық тұрақтылық және жасыл даму мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдерінің басын қосты.

Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 халықаралық экологиялық көрмесі мен форумына қатысуда.

Форум қонақтары мен қатысушыларының ерекше назарын Қазақстанның экологиялық саясат, тұрақты даму және инновациялық технологияларды енгізу салаларындағы нақты жетістіктерін көрсететін Қазақстанның ұлттық павильоны аударды. Экспозицияда өнеркәсіптік шығарындыларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйесі, орман өрттерін ерте анықтау жүйесі, пластик, шиналар, макулатура және Tetra Pak қаптамаларын қайта өңдеу жобалары, «Жасыл даму» АҚ-ның климаттық сценарийлерді талдауға арналған цифрлық платформасы, қалдықтарды сұрыптау мен энергетикалық кәдеге жаратудың заманауи технологиялары, сондай-ақ циркулярлық экономика қағидаттарын енгізіп отырған кәсіпорындардың шешімдері ұсынылған.

Қазақстанның экспозициясы елдің экологиялық инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаға түсетін теріс әсерді азайту және тұрақты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді.

Форум аясында үш күн бойы қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын ұтымды басқару, жасыл инвестицияларды тарту, инновациялық экологиялық технологияларды енгізу, экологиялық мониторингті цифрландыру және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін талқылайды.

Қазақстанның форум жұмысына қатысуы ұлттық экологиялық бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге, серіктестік байланыстарды кеңейтуге және қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасыл экономиканы дамытуға, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге және заманауи экологиялық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылуда.

ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және қазіргі экологиялық сын-қатерлерге бірлескен шешімдер әзірлеуге арналған маңызды халықаралық алаң ретінде Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.