Орман күзетінде: өртті ерте анықтау жүйелері қалай жұмыс істейді
Баспасөз орталығына оралу

Орман күзетінде: өртті ерте анықтау жүйелері қалай жұмыс істейді

Орман өрттерін ерте анықтауға арналған ЕАЖ-1 заманауи жүйелері орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Олар өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтап, ақпаратты жедел түрде тиісті қызметтерге жолдайды. Соның нәтижесінде өрттің бастапқы кезеңінде-ақ жедел әрекет етуге мүмкіндік туады.

Бейнебақылау жүйелері, зияткерлік талдау технологиялары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және заманауи байланыс құралдары өртті оның кең аумаққа таралуына дейін анықтауға көмектеседі. Бұл әрекет ету уақытын қысқартып, ірі өрттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды. Себебі орманды қалпына келтіру ондаған жылдарды қажет етеді. Сондықтан заманауи технологияларды енгізу еліміздің табиғи байлығын сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Еске саламыз, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ орман қорын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді өрттен қорғауды күшейтуге кәдеге жарату төлемдері есебінен 16,9 млрд теңге бағыттады.

Бүгінде ЕАЖ-1 өртті ерте анықтау жүйесінің 14 кешені Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп тұр. Бұл жүйелер өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға және табиғи аумақтардың өрт қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.