«Жасыл даму» АҚ Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өңірлік диалогқа қатысты
Баспасөз орталығына оралу

«Жасыл даму» АҚ Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өңірлік диалогқа қатысты

«Silk Road Samarkand» халықаралық көрме кешенінде өтіп жатқан ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 халықаралық экологиялық көрмесі аясында Базель және Стокгольм конвенцияларының Өңірлік орталықтарының қызметі, сондай-ақ Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) үдерістері мен басымдықтарына арналған өңірлік диалог өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері, соның ішінде «Жасыл даму» АҚ делегациясы, сондай-ақ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының Атқарушы хатшысы Рольф Пайет мырза қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы Орталық Азия елдері үшін Өңірлік орталық құру перспективаларын талқылау болды. Бұл орталық өңір мемлекеттерінің экологиялық қауіпсіздік, химиялық заттар мен қалдықтарды тұрақты басқару салаларындағы ынтымақтастығын нығайтатын маңызды алаңға айналуы мүмкін.

Қатысушылар сондай-ақ халықаралық экологиялық міндеттемелерді іске асыруда, тәжірибе алмасуда және елдердің институционалдық әлеуетін дамытуда Базель және Стокгольм конвенцияларының қолданыстағы Өңірлік орталықтарының рөлін қарастырды.

Жаһандық экологиялық қормен өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қаржыландырудың басым бағыттары, жобаларды әзірлеудің рәсімдік аспектілері және өңірдің өзекті экологиялық сын-қатерлерін шешуге бағытталған бағдарламаларды іске асыру мерзімдері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлік экологиялық күн тәртібін қалыптастыру, халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайту және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен Орталық Азия халқының экологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.