Қазақстанда қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға 116 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды
Баспасөз орталығына оралу

Қазақстанда қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға 116 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды

Қазақстанда қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға кәдеге жарату төлемі қаражаты есебінен шамамен 116 млрд теңге бағытталды. Қаржыландыру қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға, сұрыптау кешендерін құруға және мамандандырылған техниканы сатып алуға арналған 30 жобаға берілді.

Жобаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ арқылы жүзеге асырылуда.

Жалпы министрлік жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 376,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдады. Оның ішінде 30 жоба қаржыландырылды.

Жаңа қайта өңдеу кәсіпорындары салынуда

Қаржыландырылған жобалардың бесеуі жылына 640 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын нысандар салуды көздейді.

Тағы 16 жоба жылына 430 мың тонна қалдықты қайта өңдеу қуатын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар 9 жоба аясында 128 бірлік мамандандырылған техника сатып алу қарастырылған.

12 жоба пайдалануға берілді

Бүгінде 12 жобаның іске асырылуы аяқталды.

Олардың аясында:

  • 122 бірлік мамандандырылған техника сатып алынды;
  • жылына 140 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер пайдалануға берілді;
  • жылдық қуаты 18,3 мың тонна болатын қайта өңдеу өндірістері іске қосылды.

Жобалар еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда

Қаржыландырудың ең үлкен көлемі Алматы қаласына, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарына бағытталды.

Сонымен қатар жобалар Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында, Астана мен Шымкент қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде іске асырылуда.

Бұл жобалар макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, пайдаланылған автомобиль шиналарын, тағам қалдықтарын және басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеуді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды, сондай-ақ мамандандырылған техника паркін жаңартуды қамтиды.

https://rus.baq.kz/v-kazahstane-stroyat-novye-pererabatyvayuschie-predpriyatiya-za-schet-utilsbora-320036850/