Астана. 7 тамыз. ҚазТАГ – Абай облысындағы «Семей орманы» резерватына арнайы техника сатып алуға утилизациялық төлем қаражатынан 3,1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
«ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем қаражаты есебінен Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына заманауи мамандандырылған техника сатып алуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады», – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Жоба аясында орман табиғи резерватына өртке жедел ден қою және өртке қарсы іс-шараларды жүргізу үшін қажетті 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және өтімділігі жоғары 26 автокөлік берілді.
Жалпы, 2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Жасыл даму» АҚ еліміздің мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне, орман табиғи резерваттарына, қорықтарына және орман шаруашылығы мекемелеріне заманауи мамандандырылған техника сатып алуға утилизациялық төлем қаражатынан 33,1 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.
Еске салайық, 2023 жылы «Семей орманы» резерваты аумағындағы орман өрті 63 мың гектардан астам жерді шарпыды. Өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.
2026 жылғы 16 шілдеде резерват аумағында тағы бір өрт шығып, шамамен 60 гектар жерді қамтыды. 18 шілдеде өрт оқшауланды.